ҚазАқпаратқа Назарбаев Университеті Жоғары бизнес мектебінің жетекші қызметкерлер бағдарламасының директоры Әсел Уәлиеваның берген мәліметі бойынша, қазақстандық бизнесмендерді экономиканың қыр-сырына оқытатын бұл бағдарлама үш жылдан бері жұмыс жасап келеді.
Аталған бағдарлама бойынша 8 ай көлемінде кәсіпкерлерге жемісті кәсіп жүргізудің жолдары, өнеркәсіпті тиімді басқару сырлары, сондай-ақ техникалық тапсырмалар үйретіледі.
«Бізде оқыту үш кезең бойынша жүреді. Бірінші кезең — үш күндік тренинг, екіншісі — онлайн семинарлар, ал үшінші кезең — бизнес жоспар құру. Бүгін марапаттау рәсімі қарсаңында біз барлық тапсырылған бизнес жоспарлардың ішінен ең үздік деген 7 жоспарды таңдап алдық, енді иелері оларды қорғап шығуға мүмкіндік алады», — деп атап өтті Ә. Уәлиева.
Отандық кәсіпкерлерді оқыту «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып табылады. Бизнес оқытудың бағдарламасын Назарбаев Университеті Дьюк университетімен бірігіп жасап шыққан.