Чемпионат аутсайдері саналған айдын иелері бұл бәсекеде аянып қалған жоқ. Бірінші кезеңнің басында Дмитрий Уппер қонақтарды алға шығарған. Арада бес минут өткенде “Металлург” таразы басын теңестіріп қана қоймай 2:1 есебімен алға шықты. Бірақ шабуылды соңына дейін жеткізген Брендон Боченский, Найджел Доус, Константин Руденко сынды майталмандар “Барысқа” жеңіс әкелді. 16-шы турдан кейін астаналықтар шығыс конференциясында 37 ұпаймен екінші орында. Ертең қазақстандық команда новосібірде жергілікті “Сибирьмен” кездеседі.
Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Гейнрих Шмидгаль қарағандылық “Шахтерға” қоныс аударуы мүмкін. Германияның “Фортуна” командасында өнер көрсететін футболшы жарақатына байланысты биылғы маусымда тек бірнеше рет алаңға шыққан.
Қарағандылықтар талантты ойыншыға “Фортунадан” қарағанда тиімді шарттар ұсынуда. Сондықтан қазақстандық ойыншы “Шахтерға” келуі ғажап емес. Ұлттық құрамаға 2010-шы жылы шақырту алған Шмидгаль бірден негізгі құрамның белді ойыншысына айналды. Ал Германияға қарсы матчта ол құрама жейдесіндегі тұңғыш голын соққан. “Шахтер” басшылығы қазір Германиядағы футболшымен келіс сөз жүргізуде. Егер екі жақ келісімге келсе, Шмидгаль Қазақстанға қыста қоныс аударады.