Ақтоты Жексембаева екі аптадан бері аурухана табалдырығын тоздырып, омыраудағы сәбиінің жатқан терезесін торуылдаумен жүр. Өйткені, баласы АКДС екпесін қабылдаған сәтінен есінен танып, комаға бір-ақ түскен. Ақтоты бұған дәрігерлерді кінәлауда.
Ақтоты Жексембаева, Тимурдың анасы:
— Баламның не гемоглобинін, не дене қызуын тексермеді. Мен ескерттім, бір-екі күн бұрын ауырған деп. Құлақ асқан ешкім болмады. Салғаны сол еді, келесі күні қалтылдап ауруханадан бір-ақ шықты.
6 айлық шақалақ жансақтау бөлімінде 10 күн ес-түссіз жатқан. Қазір беті бері қарап, ортақ палатаға ауыстырылыпты. Бірақ арнайы аппараттың көмегімен демалуда. Дәрігерлердің сөзіне сенсек, бұған АКДС екпесінің қатысы жоқ екен. Айтуларынша, ауруханаға хал үстінде жеткізілген сәбиден «ми қабығының асқынуы» анықталып отыр.
Жанна Шанытбаева, Балалар ауруханасы бас дәрігерінің қызметін атқарушы:
— Егумен ешқандай қатысы жоқ дейміз. Өйткені егудің реакциясы 3 күннен 7-8 күнге дейін өтеді. Сондықтан бұл не егудің, не асқыну емес деп мәлімдей аламыз .
Осылайша өздеріне шаң жуыта қоймаған дәрігерлер бар кінәрәт ананың өзінен екеніне сенімді. Себебі, менингит асқынып үлгерген. Десе де, баласының саулығын тілеумен жүрген ана ақ халаттыларды жауапқа тартпай қоймайтынын жеткізді. Қазір келіншек сотқа арызын дайындап жатыр.