Естеріңізге салсақ, мүгедектік өтемақыларын талап еткен Арселор Миттал компаниясының регрессшілері компанияның бас кеңсесіне басып кіріп, оны өртеп жібере жаздаған. Ғимарат ішінде жанар май толы құтыны жағып жіберген Владимир Заряновқа бөтеннің мүлкін қасақана бүлдірді деген айып тағылды. Енді ол ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен үйінде қамалып отыр. Ал от шарпыған екі адамның бірі 30 пайыздық күйікпен жансақтау бөлімінде жатыр. Әріптесін жақтаған кеншілер бүгін кешегі жерге тағы жиналып, жұмыс берушіні жауапқа тартуды талап етті.
Төлеген Бейсенбек, мүгедек кенші:
— Адамның шыдамын тауысып осындай қадам жасауға мәжбүр етті. Өйткені біз ешкімге керек кемес боп қалдық. Бас прокуратураға арыз жазып қол жинаймыз. Сонымен қатар Арселор Митталдың былығын тексеретін, Үкімет комиссиясының келуін талап етеміз.