"Нұр-Отанның" саяси кеңесінен бірнеше ықпалды шенеунік шығып қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 468.88
  • 534.1
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Нұр-Отанның" саяси кеңесінен бірнеше ықпалды шенеунік шығып қалды

"Нұр-Отанның" саяси кеңесінен бірнеше ықпалды шенеунік шығып қалды

Билік партиясының атауы тағы да ауысты. Бұдан-былай «халықтық- демократиялық» деген тіркес мүлдем қолданылмауы тиіс. Бүгін Астанада өзінің ХҮ съезін өткізген «Нұр Отан» партиясы  осындай шешім қабылдады. Құрылтайда  ешкім күтпеген ауыс-түйістер де болып, саяси кеңестен бірқатар ықпалды шенеуніктер шығып қалды.

  • 19 Қазан 2013
  • 461
Фото - Caravan.kz

«Нұр-Отанның» құрылтайы өтетін Астанадағы «Тәуелсіздік» сарайы әп-сәтте стратегиялық маңызды нысанға айналып шыға келді. Қауіпсіздік шаралары күшейтілгендіктен  жер-жерден келген делегаттар  тіпті  депутаттарға дейін ғимаратқа арнайы автобуспен жеткізіліп жатыр. Саяси элитаның мүшелеріне құрмет өзгеше, жайлы көліктерінен түсіп жайылған қызыл кілемнің үстімен жүріп өтті. Ал іште мерекелік көңіл-күйдің лебі еседі. Жиналғандар жаппай суретке түсіп жанталасуда.

Миллионнан астам мүшесі бар еліміздегі ең ірі саяси партияның көшбасшысы өзін көп күттірген жоқ. Бірақ мерекелік көңіл-күйдің әсері ме, әйтеуір алқалы басқосу басталмай жатып Президент атына мадақ айтушылардың қарасы көбейіп кетті. Тіпті бір әкім түсімде Елбасыны көрген соң өмірде жолым болды деп ағынан жарылды.

Әсия Қыстаубаева, Қызылорда облысы, Сунақ ата ауылының әкімі:

— Жұмыссыз қалған кезімде, сіз менің Нұрсұлтан Әбішұлы түсіме кіріп жағдайымды сұрағаныңыз әлі есімде. Мұны жақсылыққа балайтын қазақпыз ғой. Кейін ауыл әкімі болып тағайындалдым. Содан жиырма жыл өтті. Қуансақ та, қиналсақ та аузымызда Алланың шапағаты, Елбасының амандығы, ойлайтынымыз халықтың бірлігі.

Мұндай мақтауға Нұрсұлтан Назарбаев сыр алдырмады. Ал құрылтайда ешкім күтпеген тосын өзгерістер орын алды. Бүгін тұтастай жаңарып жатқан «Нұр Отанның» саяси кеңесінен бірнеше ықпалды шенеуніктер шығып қалды. Олардың қатарында Есеп комитетінің төрағасыАслан Мусин және үлкен жанжалмен отставкаға жіберілген Бақытжан Жұмағұлов та бар. Бұрынғы Білім министрі енді басқа байлар сияқты жиып-терген қаржысын инвестиция ретінде отанының дамуына салуы тиіс. Өйткені президент салық кодексіне енгізілетін түзетулерді қолдап, ауқаттылар кедейлерден артық төлеуі керектігін айтты.


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

—  Біздегі ұсталатын салық 10 проценттің мөлшерінде. Байлар да жарлылар да бірдей төлейді. Бұл әділ емес қой. Мемлекет ауқатты адамдардың пайда болуына жағдай жасады. Сол мақсатымыз орындалды.  Енді қалталылар қаржысын туған елінің өркендеуіне жұмсауы тиіс қой.

Құрылтайдағы тағы бір тосын жаңалық —  партия  атауының кезекті рет өзгеруі. Бұдан былай ол ешқандай жалғаусыз «Нұр Отан» деп аталатын болды.  Ұзын шұбар «Халықтық демократиялық» тіркес мүлдем алынып тасталып отыр.  Соған сәйкес партияның жаңа эмблемасы бекітілді. Сонымен қатар соңғы уақытта көптен айтылып жүрген саяси доктрина бірауыздан қабылданды.   Құжатта  ішкі бірлік, тұрақтылық, өркендеудің негізгі жолы деп көрсетілген. Тіпті  2025 жылға қарай ұлттық мемлекет болатынымызда  анық жазылыпты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Халқы 70 пайыздан асқан өңірдің барлығы қазақ тіліне көшу керек. Ол облыстардың ішіндегі аудандар сөйту керек. Ел үйрене береді, алға жылжи береміз, сөйтіп бірте-бірте  алған қойған арманымызға жетеміз.

Құрылтайда құрығы ұзын еліміздегі жетекші саяси күштің көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев партияға жемқорлықпен күресті күшейтуге пәрмен берді. Ал  ендігі жерде облыс әкімдері  мен министрлер «Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген міндеттерді жатқа соғуы тиіс. Өйткені жаңадан қабылданған «Нұр-Отанның» доктринасы  сол құжатқа негізделген.