Шыңғыс қағанның тегі кім? - kaz.caravan.kz
  • $ 468.88
  • 534.1
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шыңғыс қағанның тегі кім?

Шыңғыс қағанның тегі кім?

|Ұлы қағанның өмiрбаяны мен жаһанды жаулаған жорықтары жөнiнде дүние жүзiнде қаншама тарихи еңбек жазылды, қаншама кiтап жарық көрдi. Әлi де талайы жазылары – сөзсiз. Солардың барлығының сүйенетiн түпнұсқасы – бастау көзi есептелетiн «Моңғолдың құпия шежiресi» 1240 жылы жазылған деген дерек бар. Алайда түпнұсқасы бүгiнгi күнге жетпеген кiтаптың қытай транскрипциясымен жазылған үлгiсi ғана зерттелiп келедi.  Қазақ оқырмандары үшiн қолжетерлiк ең көлемдi еңбек – академиялық тарихшымыз Зардыхан Қинаятұлының «Шыңғыс хан» монографиясын атауға болады. Бұл кiтаптың құндылығы сол – өлеңмен жазылған түпнұсқалық мәтiннiң үшiншi бiр тiлдiң араласуынсыз қазақшаланғандығы. Автордың басынан аяғына дейiн кәсiби тарихшыға лайық қатаң принциптi ұстанғаны байқалады. Сондай-ақ бұл тақырыптың аясында елiмiзде көптеген әуесқой тарихшы да қалам тартып келедi. Әуесқой тарихшының ерекшелiгi – ой еркiндiгi мен қатаң қағидаларға тәумендi болмайтындығы. Айтылатын пiкiрлер де әр алуан. Әсiресе кәсiби тарихшыларымыз Ұлы қағанның тегi, әлемдегi тарихшылардың көбiсi мойындағандай, моңғол деген уәжге тоқталады. Ендi бiреулерi: Жоқ, Шыңғыс хан моңғол емес, ол – қазақ, қазақ iшiнде пәлен деген рудан тарайды», – деген пiкiр ұсынады. Келтiретiн дерек-дәйектерi де жоқ емес. Көбiсiнiң келтiретiн деректерi – Шыңғыс ханның қаған тұқымы – төрелер сословиесi таңбасының қазақ ру-тайпаларының таңбасымен ұқсастығы. Таңбалардың ұқсас болуы да кездейсоқтық емес деп ойлаймыз. Сонымен қатар бұл мәселе жөнiнде отандық және шетелдiк аутограмма зерттеушi ғалымдар әлi талай соны пiкiрлер ұсынуы мүмкiн.

  • 21 Қазан 2013
  • 1530
Фото - Caravan.kz

Бiз, өз кезегiмiзде, Қаған шыққан тайпаның атауына қатысты талдау жасап көрмекшiмiз. Қағанның тайпа­сы – қият. Қият атауын түсiндiру үшiн қазақ тарихшысы, марқұм Ю.А.Зуевтiң талдауын негiзге ала отырып, газетiмiздiң бұдан бұ­рын­ғы сандарында жарық көрген «Қазақ атауы қайдан шықты?» жалғасты мақаламызда келтiрген деректердi тарқатып көрейiк.

Академиялық тарихшы Ю.А.Зуев «қият» атауының моңғол тiлiндегi көптiк жалғауын қалдырып, зат есiмнен зат есiм тудырушы «н» жұрнақты жалғау арқылы «қиян» түбiрiнен туындатқан. «Қиян» сөзi көне түрiк тiлiнде жар­тас (скала) деген мағынаны бiлдiредi дей келе, осы атаудан «kijan~ kidan~ kitan~ kitaj» тайпалық атаулар қалыптасқан деп тұжырымдайды. «Қиян» сөзi бүгiнгi тiл қолданысымызда топо­нимдiк мәнiн әлi күнге шейiн сақтап келедi. Ал «қидан» мен «қытай» атауы ежелгi түрiк тай­палары ретiнде тарихтан белгiлi. «Қытай» атауы шығыстағы көршiмiзге сырттай телiнiп кеткенiн көзi қарақты, көкiрегi ояу оқырманымыз жақсы түсiнедi. Бiздiң қытай атайтын көр­шiмiз өздерiн орталық мемлекет деген мағынаны бiлдiретiн «жунго» сөзiмен атаса, қытай этносы дегендi «ханзу» деп атайды.

Ю.А.Зуев қытай тарихатына сүйене отырып, қият тайпасы хұндар дәуiрiнде юечжи тайпасының құрамындағы тохарлармен байланыста зерт­теген. Тохарлар ұзын бойлы, көк көздi, сары шашты, иран-парсы тектi халық болған делiнедi. Яғни осы жазылғандар негiзiнде қа­ғанның арғы тегi Ираннан келген ақ нәсiлдi екен-мiс деген ой қылаң бередi. Бiз, өз кезегiмiзде, алдымен юечжи тайпасының атауы не мағына беретiнi жөнiнде бiлу мақсатымен қытай тiлiн жетiк бiлетiн кәсiби тарихшы-археолог Сағынтай Сұң­ғатайұлына хабарласқан болатынбыз. Ғалымның айтуынша, бұл қытайша атау «ай» деген мағынадағы «юе» сөзi және ата, әулет, тек деген мәндегi «чжи» деген екi сөзден құралады екен. Яғни ай тектi деген мағынаны бiлдiредi. «Юе» атауы Қытай тарихатында б.д.б. III ғасырдың аяғы шамасында болған жазу реформасынан кейiнгi уақыттарда қолданысқа енiптi. Жазу реформасынан бұрынғы шақта ай «чжоу» аталып келiптi. Соған қарағанда, тарихтағы юе тайпасы мен чжоу тайпасы бiр тайпа болған да, қытай тiлiнiң реформасына байланыс­ты екi түрлi атаумен таңбаланып келген сияқты.

Бұдан бұрынғы жалғасты мақаламызда академиялық тарихшымыз С.Ақынжановтың «Кыпшақтар» монографиясынан алынған «ұран-қай» хұн тайпалық атауын талдағанбыз. Осы мақалаға қатысты қысқаша түсiнiктеме бере кеткен артық болмас. Тiлдiк тұрғыдан бұл атау – екi түрлi тұлғадағы бiр мәндi бiлдiретiн қосарланған сөз. «Ұран» сөзiнiң түбiрi «ұр» сөзiнiң тағы бiр нұсқасы «ұз» болатынын, «ұ» мен «о» дауыстыларының, «р» мен «з» дауыссыздарының түрiк тiлдерiнде алмасатын заңдылығы барына сүйенiп, қазақ ру-тайпаларының атауларына қатыстылығы барын жазып едiк. Ұр/ ұз сөзi шақпайтын жыланның атауы екенiн орыс тiлiнде сақталып қалған «уж» сөзi типологиясы негiзiнде дәлелдегенбiз. Оғұз түрiк тайпасының атауы «оқ»+ «ұз» деген екi сөзден тұратынын, он оқ ұз дегендi ұздардың он тайпасы дегендi бiлдiретiнiн айттық. Тарихтағы сегiз оғыз бен тоғыз оғыз моңғолдар бер­ген сегiз сан есiмiмен «найман» аталғанын, еу­ро­па саяхатшылары жазып қалдырған «органум» атауы «орқан» немесе «ұрқан» атауынан туындап, арғын тайпасын бiлдiретiнiн, сондай-ақ «шөмекей» ру атауы қай/ кей тұлғадағы шағатын жыланның атауымен қатыстылығын көрсеткенбiз.

Ру-тайпа атауларында кездесетiн жылан атаулары алдымен сол ру-тайпа көсемдерiнiң лауазымы болған, кейiн лауазым атауынан жал­пыласып, тұтас ру-тайпа атауына ауысқан. Бүгiнгi қолданысымыздағы «хан» лауазым ата­уы «қай» түбiрiнен туындайды. Шағатын жы­лан мағынасындағы «қай» түбiр сөзi «қан», «қас» тұлғаларға дейiн түрленетiнiн көремiз. Сөз соңындағы «й»~ «н»~ «с» дауыссыздарының алмасу заңдылығы барлығына қараңыз. Мы­салы, кiсi аттарының: Ақай~ Ақан~ Ақас деп үш түрлi аталатыны iлкiдегi ақ жылан мағына­сын­дағы «ақ қай» сөзiнiң «қ» дауыссызының ық­шамдалуынан пайда болатынын болжағанбыз.

Қазақ тiлiнде «қ» дауыссызымен басталатын кейбiр сөздердiң «қ» түсiп қалған жағдайда да мәнi сақталып қалатыны белгiлi. Мысалы, «қасыл» – «асыл», «қиянат» – «иянат», т.б. Осы ереже бойынша «қай» сөзiнен «ай» сөзiн де туындатуға болады. Ай – аспан денесi. Алғашқы адамдардың аспан денелерiне табын­ғаны белгiлi. Хұндардың күнге табынғанын бiлемiз және күннiң түсi сары болғандықтан, сары түс те сокралдық мәнге ие екенi байқалады. Хұндардың ежелгi мекенi – Ордос. Тәңiршiлiк танымда су аналық бастау саналады. Сондықтан да қытайша Хуанхе дариясын ежелгi түрiктер Сарөзен атаған болса керек. Ал моңғолдар аспандағы айды «сар» деп атайды. Абақ керей iшiнде сарбас аталатын ру да бар. Осы жазылғандар негiзiнде Қытай тарихатындағы «чжоу» мен «юе» тайпасы хұндар құрамындағы ұран-қай тайпасымен тiкелей қатысты деген болжам ұсынамыз. Яғни ұран-қай тайпасының қытай тiлiндегi аудармасы деп қарауға болатын сияқты.

Осы қисын бойынша Ұлы қағанның қият тайпасының атауын талдап көрейiк. Жоғарыда қият сөзi «жартас» мағынасындағы «қиян» сөзiнен туындайды дедiк. Тәңiршiлiк нанымда жартас пен тау – аталық бастау есептеледi. Махмұт Қашқари сөздiгiнде «kaja» тұлғасында жазылған. Бүгiнгi анайы тiл қолданысымызда атаның тәнiн бiлдiрсе, «қаса» тұлғасында аталық жылқының мүшесi екенi белгiлi. Таудың жынысы – тас. «Тас» сөзi бiздiң ерекше жұрнақ атаған «ақ» жұрнағы арқылы қосарланған мән бередi (тасақ). Егер «қият» тайпалық атауы жартас мағынасындағы сокралды мәнi бар «қайа» атауынан шыққан болса, бұл атау да «қай – ай» түбiр сөзiне барып тiреледi. Алғашқы аналық қауымдық құрылыстағы аспандағы құдай ана «ай» адамзаттың аталыққа ауысқан кезiнде, аспаннан жерге түсiп, тау, жартас бейнесiнде аталық құдайға ауысқанын бiлдiретiн болса керек.


Сонымен, бiз Ұлы қағанның шыққан тайпасы қият – моңғолдық көптiк жалғау жалған­ған хұндардың ұран-қай тайпасының «қай» тармағынан тарайды деп болжаймыз. Өз кезегiнде қазақ тайпалары да ұр/ ұз, қай/ кей тайпасынан тарайтынын жеткiлiктi дәрежеде дәлелдедiк деп ойлаймыз. Хұн дәуiрiндегi ұран-қай тайпасы хұндардың шет аймағы есептелетiн бүгiнгi Моңғолия­ның солтүстiк-шығысы, ертедегi Манжұрияның солтүстiк-батысы – Сiбiр ормандарының түс­тiк жиегiнде қалыптасқаны жайлы С.Ақынжановтың аталған еңбегiнен жақсы бiлемiз. Ал академиялық тарихшымыз Ю.А.Зуев қият атауының этимологиясын тамаша ашқанымен, тохарларға байланыстырып, сыртқы ақ нәсiлдiк белгiлерiне қарап, шығыс-иран тектi тайпа болуы мүмкiн деп болжағаны жеткiлiктi дәлелдермен тиянақталмаған деп ойлаймыз. Сыртқы белгiлерi дәлел болатын болса, ежелгi үйсiндер де ақ нәсiлдiлер қатарына жатуға тиiс едi ғой.

Ұран-қай тайпасы урианхай атауымен бүгiнде Моңғолияның батысы – Баян-Өлгий қазақ аймағында қазақтармен ауылы аралас, қойы қоралас өмiр сүредi. Моңғол тiлiнiң диалектiсiнде сөйлейдi. Қазақша жетiк бiлетiндерi өте көп, сондықтан қос тiлдi сүйек деуге әбден болады. «Сүйек» деп моңғолдар мен қазiргi Қазақстанның шығыс аймағындағы, Қытайдағы қазақтар руды атайды. Сүйек – аталық, қан – аналық есептелетiн ежелгi түрiктердiң әдетi моңғол жұртында күнi бүгiнге дейiн жақсы сақталған. Тағы бiр айта кететiн мәселе – ұран-қайлар ХII-ХIII ғасырда қарақас, тоба, албандармен бiрге Моңғол үстiртiндегi керей тайпасының құрамында бiрге болғаны жайлы алаштың арысы М.Тынышбаевтың кiтабында айтылады.

Осы жазылғандар негiзiнде Ұлы қаған – Шыңғыс хан түрiк-моңғол тектi жұрттың қай-қайсысына да ортақ тұлға болуға тиiс. Рулардың ғана таңба ұқсастығына сүйенетiн болсақ, әрине, қазақтың бiрнеше руының Шың­ғыс хан үшiн өзара таласы таусылмайды. Шың­ғыс қағанның түрiк-моңғол империясын құруы­ның арқасында Қытайдан Карпат тауларына дейiнгi барлық елдер бүгiнде өздерiнiң ұлттық мемлекеттерiн сақтап қалды. Соның iшiнде бiздi, қазақ мемлекеттiгiн, Ұлы қағанның Жо­шы ханнан тараған ұрпақтары 1847 жылғы Кене­сары ханның басын алғанға шейiн билеп келдi. «Өлi разы болмай, тiрi байымайды» деген аталы сөзiмiз бар екенiн бiле тұра, Кене ханның басын қайтарып, ақ арулап қайта жерлей алмай келе жатқанымыз өкiнiштi-ақ.

Марат УАТҚАН, тарих зерттеушісі