Ілияс Харекишев, “Ақжайық” командасының капитаны:
— Мұндай адамдар біздің командада жұмыс істемеуі керек деп ойлаймын. Ол барлық қаражатымызды тонап бітірді. Қызметінен дереу кетірсін деп хат жаздық. Әйтпесе “Ақжайық” командасының намысын қорғауымыз екіталай.
Оралдық хоккейшілер жылдар бойы жауыр болған мәселелерін облыстық спорт басқармасының басына бұлт үйрілгенде айтуды жөн санапты. Бұған дейін Мүслім Оңдағанов басқарған басқарманың басшылары түгелімен қамауға алынып, қазір оларға қарсы сот процесі жүруде. Ал допты хоккей командасы бірнеше жылдан бері тиісті қаражаттарының жартысын ғана алып келгенін айтады. Және басшылық оларға өтірік хаттамаға қол қоюға мәжбүрлепті. Оған қоса, Азиада да алған алтындары үшін берілген сыйақыны да спортшыларға түгел тапсырмаған. Әрбірінен 150 мыңнан 300 мың теңгеге дейін тартып алған көрінеді. Айыпталып отырған Сәулет Рафиков аты шулы сот процесінде айыпталушы ретінде тергелген еді. Алайда артынша куәгер боп шыға келді. “Ақжайық” командасын бастаған азамат өзін қанша тергесе де мін таппайтынына сенімді.
Сәулет Рафиков, “Ақжайық” командасының директоры:
— Спортшылардың жазған арызы үшін мені қаржы полициясы тергеді. Бірақ ешқандай кінәрат таппады. Мен ешқашан қылмыс жасамағам және айтылғанның бәрі негізсіз жала.