Үй ішін сағынып, жанарынан жас парлаған Батырхан хоккей алаңына кіммен және қалай келгенін түсіндіре алар емес. Тек туғандарын жіпке тізгендей етіп айтып берді. Әкесі – Марат. Көшербай-Сайлау есімді ата-әжесі бар көрінеді. Айсана дейтін бала бағушының есімі де есінде қалыпты. Өкінішке қарай, аты аталғандардың бірде-бірі баланы іздеп дабыл қақпаған. Полицейлер де бұл адамдарды тіркеу бойынша іздеп таба алмай жатыр.
Алтын Аймолдина, Ақсу қалалық ІІБ инспекторы:
— Бұл баланы енді бүкіл республикалық база бойынша тексердік. Бірақ, бұл бала мүмкін біздің қаладан да емес шығар, өйткені қаланы бұл бала танымай тұр. Білмейді мұндай қаланы. Мүмкін біздің облыстан да емес шығар.
Сәби әуелі полиция бөлімшесіне, кейін білім мекемесінің қамқорлық бөліміне, ақыр соңында Ақсу орталық ауруханасына жеткізілген. Сырт киіміне қарағанда шыққан шаңырағаның жағдайы қалыпты. Дәрігерлер де баланы жалғызсыратпай, мүмкіндігінше алдарқатып бағуда.
Дәметкен Әлиханова, Ақсу қалалық ауруханасы балалар бөлімінің меңгерушісі:
— Денсаулығы жақсы баланың. Тамақты жақсы ішеді. Сол енді. Мамасы мен папасы тезірек табылса деп ойлаймын.
Аурханаға түскеніне үш-ақ күн болғанымен, ауладағы достарын да сағынған. Құрмет пен Дамир есімді қатарластары барын айтып отыр. Ал ата-әжесі есіне түскенде, тезірек келсе екен деп көз жасын сықты.
— Ата-апа! Мен сағындым! Қайдасыңдар? Келіңдер тезірек!