Чемпионаттың ширек сыннан сегіз өкілі сүрінбей өткен қазақ, бұл күндері асып –тасуда. Бұл үлкен қуаныштардың алды деп қабылдайық. Сәті түссе бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжановтың шәкірттері бокс сүйер қауымды алтынмен аптайтындай. 2003 және 2005 жылдары Қазақстан құрамасы әлемдік додалардан қос алтынмен оралғаны есімізде. Ал Алматы шаршы алаңында одан да асып түспек ниетіміз бар. Дегенмен өз үйімізде алтыннан тау үйіп, ертеңгі күні абыройдан жұрдай болғаннан сақтасын. Осы жағын да қаперде шығармайық. Әйтседе кешегі ширек финалдық жекпе-жектер , біздің жігіттердің мүмкіндігі зор екенін көрсеткендей. Чемпионатты сылбыр бастаған шымкенттік Қайрат Ералиев анау-мынау емес олимпиада чемпионы кубалық қара маржан Карразане Рамиресті тәубеге келтірді. Команда капитаны Данияр Елеусінов Лондондағы жеңілісі үшін италиялық қарсыласынан есе қайтарды. Есе қайтарғанда да жақсылап сыбағасын берді. Әсіресе, құрама сапындағы ең жас боксшымыз Жәнібек Әлімханұлының өнеріне тәнті болмаған көрермен жоқ. Жас та болса, нардың жүгін көтерген бауырымыздан үлкен үміт күтеміз. Не керек кем дегенде қола жүлдеге іліккен жерлестеріміздің арасында осалы жоқ. Бокс әлемінде нағыз жекпе-жек жартылай сыннан басталады деген сөз бар. Ендеше біздің сегіз серкеміз үшін « берсе қолынан-бермесе жолынан» деп бел шешіп жұдырықтасатын кез келді. Енді олардың қарсыластарымен таныстырып кетейік: Біржан Жақыпов -Йосвани Вейтиа (Куба), Қайрат Ералиев –Чавид Чалабиев (Әзербайжан), Мерей Ақшалов- Лопес Эвертон (Бразилия),Жәнібек Әлімханұлы – Энтони Фаулер (Англия), Берік Әбдірахманов-Ласаро Эстрадо (Куба), Данияр Елеусінов – Аражик Марутян (Германия), Әділбек Ниязымбетов –Ойбек Мамазулунов (Өзбекстан) және Иван Дычко- Эрик Пфайфер (Германия).
Еуропа лигасының топтық кезеңі асында бүгін қарағандылық “Шахтер” астанада голландияның “АЗ” командасымен кездеспек. Бұл матчты біздің арна кешкі сағат 10:00 де тікелей эфирде көрсетеді.
Ал чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында туриндік “Ювентусты” қабылдаған мадридттық “Реал” В-тобында жеке дара көш бастады. Сантьяго-Бернабеу стадионына жиылған жұрт не бары 4-ші минутта Криштиану Роналдудың тамаша голына куә болды. Осыдан кейін босаңсыған алаң иелері 22-ші миунтта гол жіберіп алды. Әуелеп жеткен допты Поль Погба қақпаға бағыттап үлгерген. Касильяс допты қайтарғанмен Фернандо Льоренте таразы басын теңестіріп кетті. Қонақтардың қуанышы көпке созылған жоқ. Келесі бір шабуылда “Ювентус” қорғаушылары Серхио Рамосқа қарсы тәртіп бұзды. Нүктеге жақындаған Криштиану Роналду бұл жолы да мергендік танытты. Италиялықтар ойынды теңестіруге бар күшін салған. Бірақ 48-ші минутта Джорджио Кьеллиниге бірден қызыл қағаз көрсеткен германиялық төреші Мануэль Грефе ойын тағдырын шешті. Қорытынды есеп 2:1.