Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы үйінің ауласында 64 жастағы Валерий Проскуряков қаңғыған оқтан қаза табады. Ол «Нұр Отан» партиясының бақылау комиссиясы төрағасы қызметін атқарған. Көп ұзамай тергеу амалдары қылмыс жасаған қос киллерді Қарағанды облысында қолға түсіреді. Алайда кейін олардың Өскемендегі ең ірі қонақ үй қожайынын өлтіруді көздегені анықталып, жендеттер сот үкімімен бас бостандықтарынан айырылған болатын. Ал, үш жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген тапсырыс беруші Дмитрий Баршин тек бүгін ғана Ресейдің Ставрополь аймағында ұсталып отыр.
Валерий Колмогоров, ШҚО ІІД криминалдық іздестіру бөлімі бастығының орынбасары:
— Ресей азаматы болғандықтан ол Ставрополь аймағының құқық қорғау органдарының шешімімен босатылды. Бұл Минск конвенциясының талаптары. Біз өз тарапымыздан көрші елге қылмыстық істі жолдаймыз. Сосын Ол Ресейдің заңымен жазаланатын болады.