Минскде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды - kaz.caravan.kz
  • $ 477.11
  • 545.58
+31 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Минскде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды

Минскде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды

Президенттерге арналған ас мәзірі! Беларусь аспаздары мемлекет басшыларын дәмді тағаммен тәнті етпек. Осыдан екі сағат бұрын Минскде Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы басталды. Бұл Кеден Одағы мен бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуын реттеп отыратын негізгі басқарушы орган. Бұл жолы басқосуға Украина, Армения, Тәжікстан басшылары да қосылады. Бір айта кетерлігі Александр Лукашенко әріптестерін барлық сән-салтанатпен қарсы алу үшін барын салғаны көрініп тұр. Тіпті аспаздарға жаңа тағамдардың түр-түрін әзірлеуге тапсырма беріпті.

  • 25 Қазан 2013
  • 379
Фото - Caravan.kz

Екі бірдей маңызды жиынға Минск үлкен мән беріп отыр. Тіпті халықаралық дәрежедегі басқосуды өткізу үшін Тәуелсіздік сарайының құрылысын шапшаңдатып мерзімінен бұрын салып бітірген. Мұнда біржағынан Беларусь президентінің резеденциясы орналасқан. Іште дайындық қызу жүріп жатыр. Ал отырыстың өз деңгейінде өтуін уайымдап кірпік ілмей жүрген Александр Лукашенко таң ата әзірлікті тағы тексеріп кетті. Жәй келген жоқ, әріптестеріне асқан мақтанышпен көрсететін жаңа жұмыс кеңсесінің жанына қос ұлымен шырша екті. Ал қырағы бақылауға алынған президенттер жайғасатын қонақүйлерде қызу қарбалас.

Людмила Высоцкая, президенттік қонақүйдің әкімшісі:

— Ас мәзірі алдын ала келісіліп бекітілді. Онда Беларусьтың ұлттық тағамдарын енгіздік. Сондай-ақ қамырдан жасалған жаңа тағамдардың түр түрін қоямыз.  

Ал Минск жанталасып соңғы әзірлігін аяқтап болғанда кешке таяу мәртебелі меймандар келе бастады. Алғашқылардың бірі болып Қазақстан басшысы жетті. Кейін Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Беларусь президенттерімен бірге Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты.

Кездесуде Еуразиялық одақты құруға байланысты дайындалған құжаттың жай-жапсары талқыланып жатыр. Оған 2015 жылдың 1 қаңтарында қол қойылады деп күтілуде. Кеден Одағының мүшелері өзара тауар айналымына кедергі келтірмей нарықты ашуға уағдаласты. Сондай-ақ одаққа қабылдауды ресми түрде өтінген Арменияның ұсынысын қарамақ. Екі кеменің басын ұстаған Украинаның мәселесі де сөз болады.


Астана мен Минскінің арасында үш сағат айырмашылық барын ескерсек, Назарбаев, Путин, Лукашенконың кездесуі осы есіктің арғыжағында әлі жалғасып жатыр. Ал интгерациялық ұйымға өтеміз деп уәде берген Қырғызстан президентіАлмазбек Атамбаев келмейтінін мәлімдеді. Ол ертең ТМД мемлекеттер басшыларының самиттіне қатысуы керек еді. Саяси сарапшылардың айтуынша, Атамбаевтың Лукашенкоға өз реніші бар. Өйткені Минск Қырғызстанның тақтан тайған экс-президенті Құрманбек Бәкиевке  азаматтық беріп Бішкекке қайтармай отыр. Әзірше басқосудағы тосын жәйт осы боп тұр.