«2013 жылы спорт саласында болған басты оқиғалар мынадай: біздің боксшымыз Геннадий Головкин әлем чемпионы атағын қорғап қалды, «Шахтер» Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында ойын көрсетті, жыл басында «Қайрат» командасы залдағы футбол бойынша УЕФА чемпиондар кубогында жеңіске жетті.
Қазір Қазақстан спортында жақсы өзгерістер болып жатыр. Қазақстанда аса үлкен болмаса да футбол ойыны бар. Біз жақсы ойнай бастадық. Біз Шотландия, Израиль, Албания, Белоруссия, Грекияның чемпиондарымен ойнадық. Бұлар әлемдегі суперфутбол державалар болмаса да, теңбіл доптан шеберлігі шыңдалған, мықты елдер рейтингіне кіреді. Олар Еуропа кубоктарында тұрақты түрде өнер көрсетеді. Біз олармен лайықты қарсылас ретінде ойнай білдік. Ойын барысында ешкімнен жеңілген жоқпыз, тек тәжірибеміз аздау болды.
Мұның бәрі біздің дамып, өсіп келе жатқанымыздың көрінісі. (…) Бірақ, бұл бір-екі жылдың еншісіндегі шаруа, алдағы уақытта жақсы ойындар көрсетіп, жоқ дегенде Еуропа лигасына шығамыз деп ойлаймын. Ол күн де алыс емес. Біз өткен ойындардан біраз сабақ алдық, оның бәрін атап өту мүмкін емес.
Біріншіден, инфрақұрылымды дамытып, жанкүйерлермен жұмыс істеуіміз керек. Стадиондарды жанкүйерлерге толтыратын өте күшті маркетингтік қызмет қажет. Шотландияда 60 мың адам отырып, бәрі өз командасына бір кісідей қолдау көрсетеді, бұл ойыншылар үшін үлкен демеу. Олар тек қана алға шыққысы келеді.
Ең үздік теңбіл доп шеберлері туралы айтар болсақ… Олардың аты онсыз да ел аузында, баспасөзде жүр. Мәселен, голкиперлер Александр Мокин и Андрей Сидельников. Андрей Финонченко ерекшеленіп жүр, жап-жақсы легионерлер де бар.
Көптеген адамдар «Шахтер» Еуропа кубоктарында өнер көрсете алады деп ойлаған жоқ, бізге сенім арта алмады. Бірақ «Шахтердің» жетістіктері бәріне жұқты, көптеген командалар өз күшіне сенді. Еуропа ойындарына қатысатын «Астана», «Ақтөбе», «Қайрат», «Шахтер» клубтары қаржылық жағынан да, инфрақұрылым жағынан да тапшылық көріп отырған жоқ деп ойлаймын. Олар қазір табысты ойын көрсету үшін күш жинап жатыр».