Осымен бесінші мәрте ұйымдастырылатын спорттық бәсекеге Қызылорда, Байқоңыр қалалары мен аудандардан 9 команда, 252 спортшы сынға түседі.
Жарысқа әр ауданнан 28 спортшы қатысады. Дүбірлі дода қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай 4 топқа бөлінген. Алдымен 1999-2000 жылғы кіші жасөспірімдер арасындағы белдесулер 9 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Онан соң 1997-98 жылғы жасөспірімдер бәсекесі — 7 салмақ, 1995-96 жылғы жастар мен ересектер арасындағы белдесулер 6 салмақ дәрежесі бойынша өтетін болады.
Жарыста «Түйе палуан» атанған спортшы «Сыр барысы» атағын иеленіп, «Алтын белбеу» еншілейді.
Бұл сыннан іріктеліп шыққан екі палуан 29 маусымда Астана қаласында болатын «Қазақстан барысы» турнирінде ҚР Президенті жүлдесін сарапқа салады.
Жарыстың салтанатты ашылуы 27 сәуір күні сағат 10.00-де «Еуразия» спорт кешенінде болады.