Биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылған турнирге Ақтөбе облысы, Байқоңыр, Қызылорда қалалары мен аудандардан 10 команда — 160 спортшы қатысты. Бұл туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Шоңғалова хабарлады.
Турнир өткізудің мақсаты — балалар мен жасөспірімдер арасында футбол ойынын дамыту, олардың спортпен тұрақты шұғылдануына ықпал жасау, салауатты өмір салтын насихаттау, жас футболшылар мен ардагер футболшылар арасында сабақтастықты жалғастыру.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтай келе, әр аудан орталықтарында футбол алаңдары заманауи талапқа сай қайта қалпына келтіріліп, жаңадан стадиондардың салынуы арқасында Сыр өңірінде футбол ойынының жоғары қарқынмен дамып келе жатқандығын, спорт алаңдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса көңіл бөлінуінің арқасында жасөспірімдердің футболға деген қызығушылықтары артып келе жатқандығын айтып өтті. Сондай-ақ, Т.Сегізбаевтың иығына ұлттық дәстүрмен шапан жапты.
Турнир нәтижесінде Қызылорда облысының №6 балалар мен жасөспірімдер футбол спорт мектебінің оқушылары үздік шықты, екінші орынды «Қайсар» дайындық тобы, үшінші орынды Қазалы ауданының командасы иеленді.
Жеңімпаз және жүлдегер командалар медаль, кубок, дипломдармен марапатталса, аталым иегерлеріне диплом мен естелік сыйлықтар табысталды.
Спортшыларды КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тимур Сегізбаев, ҚР күрес федерациясының құрметті президенті Дәулет Тұрлыханов, футбол федерациясының бас хатшысы Аллен Чайжунусов және кәсіпқой футбол лигасының төрағасы Михаил Гурман марапаттады.