Сайлау сайлау болмады, елдің әр өңірінде сайлау учаскелері талқандалды, бюллетень тиеген көліктерге қарулы шабуылдар жасалды. Дегенмен президент сайлауына қатысқан елдің 54%-ы Петр Порошенконы ел басқаруға лайықты деп тауыпты.
Порошенконы ұлықтау рәсіміне56 делегация келді, оның 23-і іргелес елдердің президенттері мен Үкімет басылары. Украина жұртының алдында Ант берген жаңа президент Петр Порошенко дереу елдегі шатқаяқтаған ахуалды қолына алатынын жеткізді. Тіптен қантөгістен көз ашпаған шығыстағы майданды бір аптаның ішінде тоқтататынын айтты.
Петр Порошенко, Украина президенті:
-Мен соғысты болдырмаймын, ешкімнен кек те қайтармаймын. Алаңға шыққанымен адам өлтірмегендердің барлығына бостандық беремін. Жуырда шығысқа барып елмен кездесем, бірақ басбұзарлармен мүлдем жолықпаймын.
Алайда жаңа президенттің бір аптада тұрақтылық орнатамын дегеніне сарапшылар сене алмады. Өйткені ұлықтау рәсімі өтіп жатқанда-ақ Луганск, Донецк, Славянск өңірлерінде қарулы қақтығыстар өршіді. Славянскінің әкімшілігі артиллериялық шабуылдың астында қалған. Қазір қала түгел отқа оранған, биік ғимараттардың барлығы түгі қалмай бұзылыпты. Жапа шегіп ауруханаға жеткізілгендер жүздеп саналады.
Бұл Луганскідегі жайт. Бүгін қаланың төбесінен Украинаның әуе күштері шабуыл жасады. Бірнеше зеңбіректі шаһардың қақ ортасына тастап жіберген. Әзірге 8 бейбіт тұрғынның қаза тапқаны белгілі. Ал Киевтің орталық алаңына шатыр тігіп жатқан жұрт ел билігі ауысқанымен үйлеріне қайтпақ емес. Нақты реформалар басталғанда ғана алаңды тастайтындықтарын мәлімдеді.
Қаны судай аққан Украина жұртының жаңа президентін ұлықтау рәсімі күтпеген жайттарға да толы болды. Петр Порошенко сүліктей қара көлігінен түсіп ұлықтау рәсімі өтетін сарайға бет алғанда қарауылда тұрған сарбаз қарадай құлап қапа қылды. Таң қаларлық жайт емес, Украинаны бұрын басқарғандардың да бастарынан өткен мұндай қолайсыз жайттар.
Қалай десек те, жақын күндері Украина ЕуроОдаққа ену үшін қажетті құжаттарға қол қоймақ. Осылайша жаңа президент Петр Порошенко кәрі құрлықтың қол астына кіріп елдің шекарасын шегендемек. Ал тәуелсіздік сұраған оңтүстік-шығыс Украинадан бөлінбейтінін жеткізді. Және референдум арқылы Ресейге қосылуды қолдаған Қырымның да қырын көзқарасына саяси баға берілетінін қадап айтты.