Халықаралық бокс қауымдыстығы — АИБА-ның қамқорлығы аясында өтетін бұл турнирге әлемнің 12 елінен 104 боксшы қатысады деп күтілуде. Олар: Әзербайжан, Ирак, Куба, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Тайланд, Өзбекстан, Украина, Филиппин елінің және Қазақстанның былғары қолғап шеберлері.
Белгілі болғанындай, турнирге шетелден келетін боксшылар арасында Олимпиада чемпионы — Робейси Рамирез, әлем чемпионатының финалисі — Ариснодиус Диспэйн (Куба), әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері — Жасурбек Латипов (Өзбекстан), Олимпиада ойындарының және әлем чемпионатының финалисі — Цуцго Нуямбаяр (Моңғолия), әлем чемпионы — Гавид Челебиев және Олимпиада ойындарының және әлем чемпионатының жүлдегері Теймур Маммадов (Әзербайжан) бар.
Бокстан Қазақстанның ұлттық құрама командасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов турнирге ел атынан әлем чемпиондары Біржан Жақыпов (49 кг) мен Ілияс Сүлейменов (52 кг), әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Қайрат Ералиев (56 кг) және Берік Абдрахманов (60 кг), әлем чемпиондары Данияр Елеусінов (69 кг) пен Жәнібек Әлімханұлы (75 кг), Олимпиада ойындарының және әлем чемпионатының финалистері Әділбек Ниязымбетов (81 кг) және Антон Пинчук (91 кг дейін) және сонымен қатар әлем чемпионатының финалисі, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Иван Дычконың (91 кг жоғары) қатысатындығын мәлімдеді.
Бұған дейін осы турнир тарихында Біржан Жақыпов пен Иван Дычко екі рет алтыннан алқа тақса, Серік Сәпиев бұл жетістікке үш рет қол жеткізгені белгілі.
Айта кетейік, ертеңгі болатын сайыс, бокстан ұлттық құрама командасы үшін алдағы Азия ойындарына дайындық іспеттес болмақ.
Ал Азия ойындары үстіміздегі жылы 19 қыркүйек пен 4 қазан айлары аралығында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтеді. 16 күнге созылатын бұл спорт шарасына спортшыларды, ұйымдастырушыларды және журналистерді қосқанда барлығы 45 елден шамамен 20 000 астам қадам қатысады деп күтілуде.