Бұрынғы атақты боксшы, бүгінде Golden Boy промоутерлік компаниясының басшысы Оскар де ла Хойя бірінші орта салмақ дәрежесіндегі бұрынғы әлем чемпионы Сауль Альварес пен орта салмақ дәрежесіндегі WBA чемпионы Геннадий Головкиннің жекпе-жегін ұйымдастыруды жоспарлауда, деп хабарлады Сhampionat.com.
"Геннадий Головкин өте қауіпті боксшы. Альварес сондай спортшылармен бәсекелесуге ниетті", — деген де ла Хойя өз сөзінде.
Осыған дейін Альварестің күзде Джеймс Кирклендпен, кейін мексикалық Мигель Коттомен кездесетіні туралы хабарланған.
Ал Геннадий Головкин келесі жекпе-жегін 27 шілдеде Нью-Йоркте өткізеді. Оның қарсыласы австралиялық Дэниэль Гил болмақ. GGG бапкері Абель Санчестің сөзіне қарағанда, бұл кездесу Головкинге үлкен сынақ болмақ.