Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Ұйымдастырылатын спорттық бәсекеге еліміздің барлық аймағынан спортшылар қатысады.
«Бүгінде 90 мыңнан астам жастарымыз қазақ күресімен айналысып келеді. Біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты — қазақ күресін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу. Осы ұйымдастырылып отырған шаралардың барлығы ұлттық спортты әлемдік ойындардың бағдарламасына енгізуге арналған. Қазіргі кезде қазақ күресінің дамуына ықпал ететін ауқымды шаралар өткізіліп жатқандығын білесіздер»,-деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Тастанбек Есентаев.
Шараның мақсаты — Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Қазақстан — 2050» Стратегиясын жүзеге асыру, ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік қасиетін арттыру, ұлттық спортты бұқараға кеңінен тарату.
«Жас Барыс» турнирі 3 жас ерекшелігіне қарай өткізіледі:
балалар — 14-15 жас (салмақ дәрежелері: -38, 42, 46, 50, 55, 60, 66, 73, +73 келі);
жасөспірімдер — 16-17 жас (салмақ дәрежелері: -46, 51,57,64,72,81,+81 келі);
жастар — 18-19 жас ( 60, 70, 80, 90,+90 келі).
«Жас Барыс» турнирі 4 кезеңде өткізіледі. Бірінші кезеңі әр ауылдық аймақтарда, екінші кезеңі аудандарда ұйымдастырылса, үшінші кезеңі -облыстық, төртінші кезеңі — ақтық жарыстар.
