14 қазаннан 15 қазанға қараған түні ол ресейлік жас теннисші Карен Хачановпен күш сынасты. Жанкүйерлерінің қолдауына сүйенген Карен бірінші партияда брейк жасап, бірден алға кетті. Дегенмен көп ұзамай Михаил есепті теңестірді. Алайда тай-брейкте ресейлік теннисші жеңіске жетті. Екінші партияда өзіне келген М.Кукушкин қарсыласына бірде-бір гейм бермей, 6:0 есебімен ұтты. Бұған қарағанда, үшінші, шешуші партия тартысты болды. Төрт гейм бойы К.Качанов қарсыласып бақты. Әйтсе де шешуші сәттерде Михаилдың шеберлігі айқын көрінді әрі К.Хачанов шаршап қалғандай әсер қалдырды. М.Кукушкин үшінші матч-болын құр жіберген жоқ. Сөйтіп бұл партияда 6:2 есебімен қазақстандық теннисші жеңіске жетті. Ойын екі сағаттан астам уақытқа созылды.
Екінші айналымда Михаил Кукушкин итальяндық Фабио Фоньинимен кездеседі. Оның К.Хачановқа қарағанда, тәжірибесі де, шеберлігі де әлдеқайда басым. Ф.Фоньини — осы турнирдің бесінші ракеткасы.
Болашағынан үлкен үміт күттіретін он сегіз жасар мәскеулік К.Хачанов әлемдік рейтингте 292-інші орында ғана тұр. Ал өткен аптада Шанхайдағы турнирде сәтті ойнаған М.Кукушкин 11 сатыға жоғарылап, 74-інші орынға жайғасқан болатын.
Еске сала кетейік, М.Кукушкин өткен жылғы Кремль кубогында финалға дейін жетіп, онда франциялық теннисші Ришар Гаскеге ұтылып қалған еді.