Депутаттар күтпеген жерден Мамытбековты мақтады - kaz.caravan.kz
  • $ 487.17
  • 565.65
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Депутаттар күтпеген жерден Мамытбековты мақтады

Депутаттар күтпеген жерден Мамытбековты мақтады

Мақтаулы  Мамытбеков! Мәжілісте есеп берген Ауыл шаруашылығы министрі бүгін күтпеген жерден депутаттардың ерекше мейіріміне бөленді. Әдетте, «орныңды босат» деп шүйлігетін халық қалаулылары аяқ-асты жуасып қалыпты. Тіпті еліміздің бас агрономы  негізсіз сыналып жүр екен. Ал мұндай қолпаштаудан кейін Мамытбеков де тосылып қалған жоқ. Ауа-райына қарамай биыл астық молынан орылады, нан бағасы қымбаттамайды деп ағынан жарылды.

  • 18 Қараша 2014
  • 310
Фото - Caravan.kz

Бүгін Асылжан Мамытбековтың жолы болды. Әдетте ет, егін, астық  саласындағы кемшіліктерді бетіне басып, тоқпақтай жөнелетін депутаттар неге екені белгісіз, бүгін Ауыл шаруашылығы министрін ерекше ілтипатпен қабылдап, айтқандарын талмай тыңдап шықты. Жиынның жайбарақат өткені соншалық, соңында кейбір мәжілісмендерді құс ұйқы қыса бастады.

Мамытбековтың айтуынша, биыл ауа райы қанша қыңыр мінез танытқанымен жоспарлаған астықты толық жинап алуға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде қаңбаларда 18 млн.тоннадан астам арпа-бидай жатыр екен. Мұндай жағымды мәліметтерден кейін депутаттар мүлдем жібіп сала берді.

Дариға Назарбаева, Мәжіліс төрағасының орынбасары:

— Ауыл шаруашылығын диверсификациялау бойынша аз да болса нәтиже бар. Мен кейде бұл министрлікке жаным ашиды. Жан-жақтан талап жатыр. 

Назарбаева аяушылық танытып еді, қалғандары жалпылдай кетті.

Талай рет Мамытбековтың отставкаға кетуін талап еткен Коммунист Косарев та бүгін  министрге ерекше көңілі толатынын айтып, ағынан жарылды.

Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты:

— Асылжан Сарыбайұлы біздің сұраққа сауатты жауап беріп жатыр. Нарықты біледі.

Тіпті депутаттар алда-жалда Асылжан Сарыбайұлы басқа салаға ауысып кетсе, ауыл шаруашылығына ауыр тиеді деп те алаңдайды екен.  Сондықтан, мәжілісмендерден министрге «жылдар бойы шешімін таппай-ақ қойған астықты сақтау мәселесін өзінің реттеп үлгерсеңіз» деген де өтініштер түсті.


Сейітсұлтан Айымбетов, Мәжіліс депутаты:

-Асылжан Сарыбайұлы, сізге жұмысыңызға сәттілік тілейміз! Пока жұмыс істеп жатқан кезде осыны шешіп кетсеңізші енді. Әйтпесе сізді күнде анда жібереді, мында жібереді. Ертең басқа бір жерге бастық болып кетпей тұрғанда осы мәселелерді шешіп кетсеңіз.

Депутаттар Мамытбековке шаң жуытпағанымен Ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерден аттап өте алмады. Мысалы, Қазақстан жыл сайын 7-8 миллион тонна бидай экспорттайды. Біздің жоғары сапалы астық әлемдік нарықта су тегінге сатылуда. Бірақ, бұған жалғыз  кінәлі  — жеке кәсіпкерлер болып шықты. Сондай-ақ, қымбаттап шыға келген қарақұмықтың бағасына, Ресеймен шекаралас облыстарда өзара астық алмасуды қолға алу сынды мәселелерді де көтерді. Алайда министр отандық бидайдың сапасы неліктен төмендеп барады деген сауалға ашуланып қалды.

Асылжан Мамытбеков, Ауыл шаруашылығы министрі:

-Қалай түсіндіріп беремін? Сіздің өзі сұрағыңыз қызық екен, сіз өзіңіз сұрап алыңыз депутаттардан. Мен білмеймін, депутатттың өзінен сұрап алыңыз.

-Осылайша, екі сағат бойы депутаттардың 107 сұрағына сыпайы жауап берген Мамытбековтың тілшілерге келгенде,үні қатқыл шықты. Үнемі отставккаға кетуді сұрайтын Мәжілістен аяқ-асты жылы сөз естіген Ауыл шаруашылығы министрінің қуанышында шек жоқ. Соның әсерімен тіпті келер жылы нан бағасы бір тиынға да қымбаттамайды деп уәде беріп кетті.