-Алматы сән және дизайн колледжінде жойқын жарылыс таңертең сағат 9-дар шамасында болды. Студенттер алғашқы әскери дайындық сабағында отырғанда, оқушылардың бірі абайсызда гранатаны іске қосып жіберген.
Оқиға орнына құтқару қызметімен қоса шұғыл жеткен дәрігерлер оларды бірден ауруханаға алып кетті.Бір студент сол жерде жан тапсырған. Ол 16 жастағы Светлана Яковлева. Құтқарушылар ғимараттағы адамдардың барлығы дереу тысқа шығарылып, колледж маңайы қоршауға алынды.
Дәрігерлер гранатаның жарықшағына жараланып, көзі шыққандардың жағдайы ауыр дейді. Көбісінің миы мен бас сүйегіне зақым келген. Денелерінің де сау тамтығы жоқ. Ауруханаға түскен 12 баланың бесеуіне дереу күрделі операция жасалды. Десе де, олар әлі ешқайсысы есін жиған жоқ. Ал қалған жетеуі аурухананың түрлі бөлімшелерінде ем қабылдап жатыр.
Жанат Қасымжанова, Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
-Қазір операцияда осы аурухананың хирургтары ғана емес, қаланың хирургтары келіп жұмыс істеп жатыр осы жерде. Балалардың халі қиындау. Бәріміз тырысып жатырмыз. Оған бәрі бар, операциялық үстел бар, хирургтарымыз да жұмыс істеп жатыр.
Ата-аналар да жандарын шүберекке түйіп отыр.Ұл-қыздарының аяққа тұрып кететінін естімей ауруханадан кетпейміз деп бекінген. Қазір оқушылармен де ата-аналармен де психолог мамандар жұмыс жүргізуде.
Сәлима Шәкіржанова, психолог:
— Бір жеті ма, он күн ба балалар әрине өз-өздеріне келе алмайды. Бір жетіден кейін шығады ғой психологиялық шок деген. Бір әрқашанда қасында боламыз, көмек береміз.
Қазіргі уақытта мектепке гранатаны оқу құралы ретінде алып келген алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі қамауға алынды. Енді ол «жарылғыш затты тасымалдағаны» үшін және «абайсызда кісі өліміне әкеп соққан әрекеті» үшін заң алдында жауап береді. Сондай-ақ қала билігі барлық мектептегі әскери дайындық пәнінің оқу құралдарын дереу тексеруден өткізбекші.
Юрий Ильин, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
-Бұлай болғаны өкінішті, әрине. Енді қаладағы барлық оқу орындарын тексеретін боламыз. Онда ешқандай да граната болмауы керек. Ал мына колледжде әскери гранатаның қалай пайда болғанын міндетті түрде анықтаймыз.
Ал 16 жасар марқұм Светлана Яковлеваның мүрдесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.Алдын ала болжам бойынша, гранатаны абайсызда шешкен де сол қыз көрінеді.Қала әкімі осы қара жамылған отбасы мен зардап шеккендерге материалдық көмек көрсететінін мәлімдеді.