БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Қазақстанның барлық өңірінен қатысқан айтулы додада Е.Ларионова 63 келі салмақта қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, жеңіс тұғырына көтерілді. Енді ол биылғы қыркүйек айында Лас-Вегаста өтетін әлем біріншілігіне дайындалатын болады.
Айта кетейік, кішкентайынан әкесі Алексейдің басшылығымен жаттығып келе жатқан Екатерина алдымен жасөспірімдер мен жастар арасында Азия, әлем біріншіліктерінде топ жарды. Одан кейін ересектер арасында да бағын сынап, 2013 жылы Венгрияда өткен әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанды. 2014 жылы Моңғолияда жастар арасында өткен Азия және Павлодарда әйелдер күресінен болған Қазақстан чемпионатында алтыннан алқа тағынса, содан кейін Хорватияның Загреб қаласында жастар арасында әлем біріншілігінде күміс жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстанның үздік балуандарының бірі Е.Ларионованың басты мақсаты — Рио-де-Жанейро олимпиадасында олжа салу.
