Словакияның «Белуса» командасымен кездескен жерлестеріміз қарсыластарының қақпасына жауапсыз тоғыз гол соқты. Осылайша, бұл матч қазақстандықтардың пайдасына шешілді: «Қайсар» — «Белуса» (Словакия) — 9:0.
«Қайсар» ойынды екі құраммен өткізді. Ешкіммен алмаспай, екі тайм ойнаған тек қақпашы Кирилл Прядкин ғана. Ал алғашқы гол үшінші минутта-ақ соғылды. Данилл Цойдың пасынан кейін есеп ашқан Владислав Нехтий болатын. 19-шы минутта Дмитрий Огай шәкірттері есепті еселей түсті. Серікжан Мужиков бұрыштама добын әдемі әуелетіп, Елжас Алтынбеков баспен гол соқты. Одан кейін үшінші допты қарсылас қақпасына Юрай Пирошка тоғытты», делінген аталмыш футбол клубының ресми сайтында.
Екінші таймда «Қайсар» жігіттері тағы алты тура соққымен көзге түсті. Оның үшеуін Римо Хунт соқса, Сергей Струков дубль авторы атанып, тағы бір гол Қайрат Нұрдәулетовтің атына жазылды.
Енді олар жеңіл жаттығудан кейін Қызылордаға оралады.