Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қазақ күресі федарациясының президенті Арман Шораев мәлім етті.
«Осы үлкен доданы бесінші мәрте өткізгелі жатырмыз. Бүгінде «Қазақстан Барысы жоғары деңгейге жетіп отыр. Жобаның арқасында үздік балуандар бүкіл елге танымал азаматтар ретінде танылды. Бұл тұрғыда олар жастар мен бүлдіршіндерге үлгі және елімізде спортты насихаттауға айтулы үлес қосуда», — деді Шораев.
Атап айтқанда, аталған турнир аясындағы іріктеу төрт кезеңде өтеді. Бірінші кезеңдегі іріктеулер ағымдағы сәуір бойы ауылдар мен елді мекендерде, ІІ кезең — ауданды, қалалық 1-15 мамыр аралығында, III кезең — облыстық іріктеулер 20 мамырға дейін, сондай-ақ соңғы кезең ақтық сын. Ақтық сайысқа қатысатын балуандар арасында 19-23 мамыр аралығында Алматы қаласында оқу-жаттығу жиыны өткізіледі.
Ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық жарыстар мен турнирдің ақтық сыны 18 жастан жоғары ересектер арасында +80 келі, яғни абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша өткізіледі. Дәстүр бойынша финалға іріктеу кезеңдерінен өткен 32 балуанмен қатар былтырғы жылғы «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсынов та қатысады.