Каспийдегі жантүршігерлік апатқа қатысты жаңа болжам шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Каспийдегі жантүршігерлік апатқа қатысты жаңа болжам шықты

Каспийдегі жантүршігерлік апатқа қатысты жаңа болжам шықты

Ақтаудағы «Орталық-2015» әскери жаттығу кезінде қаза тапқан 4 жауынгердің әрқайсысының отбасына Қорғаныс министрлігі екі жарым миллион теңгеден төлейтін болды. Өтемақы осы аптада берілмек. Бейбіт күнде 4 сарбаздың өмірін жалмаған оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Әзірге тек су түбіне кеткен бронды көлік шығарылған. Каспий теңізіндегі төтенше оқиға өткен жұмада болғанын айта кетейік. Тілшіміз Сандуғаш Шортанова оқиға орнында болып, құтқару операциясына қатысты.

  • 22 Қыркүйек 2015
  • 448
Фото - Caravan.kz

«Орталық-2015» – Қазақстан қарулы күштері үшін ең маңызды әскери оқу-жаттығу саналады. Шартты жауға қарсы тұру үшін әскерилерге теңізден, құрлықтан және әуеден шабуыл жасалады. «Теңіз десантын түсіру» эпизодына 6 БТР-80 жұмылдырылған. Тек судан соның екеуі шықты. Қалғаны әрқайсысының экипажындағы 6 адамымен қоса батып кеткен.

Мынау оқиға орнында түсірілген бірінші кадрлер. Алғашқы әскери техника теңізге батып барады. Екеуінің экипажы БТР-ден толықтай аман шықса, тағы екеуінде болған сарбаздардың төртеуі қаза тапты. Қатардағы жауынгерлердің тұншығып қалуына үстеріне киген оқ өтпейтін кеудешелерін дер кезінде шешіп үлгермегені себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Олар: Бауыржан Жолдыбай – Оңтүстік Қазақстаннан, Асылжан Махамбетов пен Бағытжан Қалыбай Атырау облысынан. Ал, Замир Әділов Алматы облысының тумасы 19-бен 23-жас аралығындағы сарбаздар бір айдан соң үйлеріне қайтуы керек еді.

Олардың әрқайсысының отбасына министрік 2 жарым миллион теңге көлемінде жәрдемақы төлейтін болды.

Жанар Колбачаева, ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

-Қаза болған жауынгерлердің отбасына 2 ай мерзім ішінде 1 реттік жәрдемақы төленуі тиіс. Жәрдемақы осы аптада кедергісіз төленеді. Бұған қоса материалдық көмек ретінде әрбір отбасы 1 миллион теңге алады.

Көп мөлшерде су жұтып қойған тағы екі адам госпиталға жеткізілген. Теңізге батқан техниканы шығару оперциясы тек келесі күні басталды. Алдымен сүңгуірлер БТР-де қалған қару-жарақты шығарып, өзін 8 сағат арпалыстан соң шынжыр табанды техникамен судан сүйреп шығарды. Төтенше жағдай болған аймаққа Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағанбетов барып, жеке құраммен жиын өткізді.

Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Қорғаныс министрі:

-Әскери қызметкерлердің өмірі мен қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғаларды енді тергеу барысы анықтайтын болады.

Министр осы жиында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысын екі орынбасарымен қоса, сондай-ақ теңіз жаяу әскерінің командирін жұмыстан босатты. Мәжіліс депутаты, генерал Абай Тасболатовтың пікірінше, қайғылы оқиғаның орын алуына командирлер кінәлі. Сарбаздарды ауыр техникамен теңізге жібермес бұрын жасанды су айдынында жаттықтыру керек еді дейді ол.

Абай Тасболатов, Мәжіліс  депутаты:

-Дұрыстап дайындық болмағандықтан ғой, суға кетіп отырғаны. БТР болсын, әскери машина болсын – әскери техниканы суға кіргізу үшін қаншама дайындық болады. Сол дайындық болмай отыр ғойү.

Әскери жаттығу кезінде теңіз жаяу әскері бұған дейін де сарбазынан айырылған болатын. Ал, осы жолғы қайғылы оқиғаға қатысты «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» бабы бойынша тергеу басталды.

-Бұл «Орталық» оқу-жаттығу шарасындағы алғашқы төтенше жағдай емес. 2011 жылы да осыған ұқсас оқиға орын алған болатын. Тек ол кезде әскери кеме батып кете жаздаған. Абырой болғанда, су көлігі де, әскерилер де теңізден аман шыққан еді…