Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, дүйсенбі күні Шевченко көшесімен батысқа қарай жүріп келе жатқан №4 трамвай Наурызбай батыр көшесіне жақындаған тұста жүргізуші мен жолаушылар түтіннің иісін сезген.
Нұсқауды басшылыққа алған жүргізуші трамвайды тоқтатып, жолаушыларды түсірген. Мотор қорабынан шыққан түтін өшіріліп, қауіп толық жойылған көрінеді.
«Тұрып қалған трамвай Шевченко мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысында көлік кептелісін қалыптастырды. Оқиға болған жерге келіп жеткен жол полициясы қызметкерлері трамвайды жолдан алып тастауды талап еткен.
Жол қозғалысын реттеу мақсатында трамвай жүргізушісі құрамды кептеліс болған жерден шығарып әкетуге күш салған», — делінген хабарламада.
Ал, куәгерлердің әлеуметтік желілерде жариялаған бейнероликтерінде Байтұрсынов көшесі бойында жеңіл көліктерге соғылған трамвайдың кабинасында жүргізуші жоқтығы анық көрінеді.
«Алматыэлектротранс» сот шешімі шыққаннан кейін «Альянс полис» компаниясы жол апаты салдарынан зардап шеккендердің шығынын толық өтеп беретінін жеткізді.