Мұнда баланың да, ананың да мазасы қашқан. Денсаулық сақтау министрлігі енгізген жаңа ереженің кесіренен жұрт сабылумен жүр. Ал жаңа талапқа сәйкес ересектер де, балалар да енді бір емханада емделеді. Яғни дәрігерлер бұдан былай «кішкентай, үлкен» деп бөліп жармайды. Бірақ бұл тәсілге ата-аналар үзілді-кесілді қарсы. Өйткені осылай сабылатыны былай тұрсын, балаға қауіпті ауру жұға ма деп те қорқады.
Ержан Қуантаев:
-Қасында рентген кабинеті отыр. Флюрография кабинеті тұр. Ересек адамдар отыр. Олар ауырып отыр ма, ауырып отырған жоқ па? Туберкулез деген ауамен тарайды. Ол өте қауіпті ауру. Біз қорқамыз балаларымыз үшін.
Расында да, бір бөлмеде бала қаралса, көрші кабинетте ересектер рентгенге түсіп жатыр. Кішкентайларды қабылдай қоюға мұндағылар да дайын болмаса керек, медициналық карталар тіпті кір еденде жатыр. Тек дәрігерлер өздеріне шаң жуытар емес. Айтуларынша, балалардан табыс түспеген соң, емханаларды біріктіруге тура келген.
Талғат Қасымов, №8 емхана бас дәрігерінің орынбасары:
-Айтып отырмын ғой, балалар емханасы өздерін өздері ақтаған жоқ! Ақша бойынша. Қызметкерлерін ұстай алмағаннан кейін мына үлкен скириниг бар. Скринингтен ақша түседі.
Ал балаларға төнген қауіп тіпті де жоқ екен.
-Адамдар кіріп жатыр.
-Туберкулез бізде жоқ!
-Бәрің жоқ деп айтасыңдар.
-Бәрі өтірік!
Денсаулық сақтау басқармасындағылар болса, жаңа жүйені мақтап отыр. Тіпті, баласымен бірге бір дәрігерге барып емделген ата-ананың өзіне де тиімді дегенді айтып қалды.
Ләйлә Кеңесбаева, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
-Әрине тұрғындар арасында бас кезінде қандай да бір түсінбестіктер туындауы мүмкін. Дегенмен уақыты келе олар өздерінің үйіне жақын орналасқан емханада медициналық көмекті алу барысында өздеріне қолайлы және ыңғайлы жағдай жасалғанын бағалайды деп ойлаймыз.
Яғни бұған жұрт алғыс айтуы керек екен. Бірақ бала дәрігеріне зар боп қалған келіншектер алғыс емес, арыз дайындауға кірісті. Тіпті министрдің өзіне дейін барып, бауыр еті балаларына тиесілі емхананы қайтаруды талап етпек.