Қалың топты қақ жарып келе жатқан жұбайлардың жасы сексеннен асса да көңілдері сол қалпы жас. Ағайын-туыс, дос-жаран, қатар-құрбыларымен жиналып, думандатып жатыр. 60 жыл отауласқан жарымен мұндай кезде қол ұстасып, билеуге де болады.
Бұған дейін алтын тойын абыроймен өткеріп берген балалары гауһар тойын да ерекше салтанатпен атап өтуге ұсыныс тастапты. Қариялар да бұған қарсы болмағанға ұқсайды.
Дәулетхан Тойшыбаев, ұлы:
—О кісілер енді басында қалай болар екен деп қанша дегенмен кішкене ыңғайсызданды. Бірақ, бәріміз жақсы болады, көмектесеміз, қолдаймыз дегеннен кейін ол кісілер қарсы болған жоқ.
Ал Мәлік-Сарқыт Тойшыбаевтар былайғы уақытта қарапайым жандар. 1959 жылы Қытайдан көшіп келген олар елге келе салысымен ауыл шаруашылығына атсалысқан. 30 жылдан астам уақыт шопан болып, 4 ұл, 4 қыз өсіріп шығады.
Мәлік Тойшыбаев:
— О кезде біз ешқандай жақсылық көргеніміз жоқ. Су ұстауменен, қой бағуменен, сиыр бағуменен… Мынау сиыр сауды, сондай-сондай қиын өмірді өткіздік.
Қазір құрсақтан өрген 8 баласынан 30-астам немере, 15 шөбере сүйіп отыр. Талай жыл тауқымет арқалан олар осы күнін бақытқа балайды.