Алғашқы рейстер 2 қазанда Ақтөбе — Шымкент — Ақтөбе және Ақтөбе — Атырау — Ақтөбе бағыттары ашылады. Бұл бағыттар бойынша жолаушыларды «Qazaq Air» компаниясы Bombardier Q400 турбовинтті ұшақтар арқылы дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері тасымалдайды. Жолаушыларға эконом-классындағы 78 орын ұсынылады. 3 қазанда Қостанайға ұшақ шығады.
«Ұшу кестесі бар. Билеттер құны төмен. Мәселен Шымкент қаласына ұшу үшін 15 688 теңге, Атырауға — 12 187 теңге, ал Қостанайға бару үшін 11 688 теңге жұмсайды», — деді «Ақтөбе халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Қосман.
Еске сала кетейік, Qazaq Air әуе компаниясының негізін ағымдағы жылдың сәуір айында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қалаған. Таныстырылымы 6 шілдеде өтті. Соңғы айда компания қызметін 5000 адам пайдаланды.