Жоқ бұл түрме емес. Төсектегі ілулі кісен науқасқа арналған. Қаны басына шапқанда нашақорды дәл осылай емдеуге тура келеді. «Дживиаш», «спайс», «легалка» дейтін сайттарда емін-еркін саудаланып жатқан еліткіштердің өзге әсері де көп. Мәселен, Марат есінен алжаса жаздаған.
Марат:
-Дені сау адамды кәдімгідей ақылынан айырады. Өшіріп тастайды, адамды мал сияқты. Мал оның жанында тіршілігін жасайды.
Мұнда тіпті белгілі бизнесмендер де емделіп жатыр. Білдей бір фирманың басшысы болған Руслан жолдастарына алданып қалған. Тәтті шөптің тұзағына түсіп, кәсіпкерден нашақорға айналыпты.
Руслан:
-Түбіме өз достарым жетті. Дәмін «бір рет көрші» деп қолқалаған соң, көңілдерін қимаған едім. Соңғы рет шеккенде, жүрегім тоқтап қала жаздады. Енді оған жоламаспын.
Сорақысы сол, мұнда жақында келіп түскендердің көбі есірткіні сайт арқылы алдыртқан. «Спайс», «легалканы» саудалағандар клиентті сабылтпастан, тапсырысты поштамен салып жібереді екен.
Гүлсара Сүлейменова, Алматы қалалық наркология орталығының бас дәрігері :
-Интернет-дүкендер үйіне дейін жеткізіп береді. Ақшаларын да банкоматтан төлей салады. Ол мәселені біз де көтеріп жатырмыз. Әділет, Ішкі Істер министрлігіне хат жазғанбыз.
Интернет-дүкендер бұлардың әлі де заң жүзінде есірткі қатарына қосылмағанын ұтымды пайдаланып, оны тіпті мектептегі балаларға да сатып жүрген көрінеді.
-Мектепте оқитын балаларға дейін үлкендеу класс 8-9 –дан бастап жоғары коллежда оқитын балалар олар бір-біріне ұсыныс жасап, ақша жинайды. Сосын шегеді.
Қытайда шығарылатын есірткі әлі де елде емін-еркін сатылып жатыр. Міне, интернет-дүкен арқылы бірден үш түріне тапсырыс беріп алдық. Әсері анашадан 5 есе күшті болса да, бұған тыйым әлі болмай тұр. Есесіне, нашақорлардың саны артқан. Бір ғана Алматыда жүзге жуық адам осының азабын тартып, ем алып жатыр.