Айтуларынша, ондағы сауда орындарының бағасын өздері бақылай алмайды. Өйткені бұлардың әрқайсысының өз қожайыны бар. Әуежайда 200 грамм судың өзінің 1600 теңгеге сатылатынына байланысты әлеуметтік желіде туған дауды басшылар осылай түсіндірді.
Алматы әуежайын жайлаған сауда орындары ойға кіріп-шықпайтын бағаларымен елді таң қалдыруын доғарар емес. Жарты литр салқын шәй мың теңге, ал бір шыныаяқ кофе – 800 теңге! Мұндай жөнсіз бағаға шыдамаған алматылықтардың бірі әуежайдан алған түбіртегін әлеуметтік желіге жариялап жіберген.
Бейбіт Әлібеков:
-Бұл түбіртекті туған бауырым бірнеше күн бұрын алған. Содан бері әлі ештеңе өзгермепті. 200 грамм минералды судың бағасы 1600 теңге. Мұндай ақшамен осы әуежайдан қаланың екінші шетіне дейін таксимен баруға болады!
Әлеуметтік желіде аты дауға қалып жатқан соң, халықаралық әуежай басшылығы мәселені жалпақ жұртқа ашып түсіндірмек болды. Айтуларынша, алып кешен ішіндегі сауда-саттыққа еш араласпайды екен. Қоғамдық тамақтану және сауда орындары осыдан он жыл бұрын жекеменшікке сатылып кеткен.
Айбол Бекмұхамбетов, Алматы халықаралық әуежайының президенті:
-Әуежайдың екі қабатындағы 24 мың шаршы метр аумақтың 4 мыңнан астамы жекеменшік сауда орындарына тиесілі. Қымбат бағамен сауда жасайтындар да солар. Арнаулы мемлекеттік органдар болмаса, біз ондағы бағаларды реттей алмаймыз.
Ал ғаламтордағы даудан кейін әуежай тарапы дардай атымызға дақ түсірді деп әлеуметтік желідегі жазба авторын сотқа беретіндей болған. Алайда удай қымбат бағалар үлкен талқыға түсіп, ел арасына тарап кеткен соң басшысы ақыры абдырап, жұрттан кешірім сұрады.
Сөйтіп, әуежай басшысы мен әлеуметтік желідегі фотоның авторы өзара түсінісіп, естелік суретке түсіп қайтты. Ал бағалар жайын бір ретке келтіру үшін белсенді азаматтар енді арнайы қоғамдық кеңес құрып, тиісті орындарға ұсыныс жасамақшы.