Мерекеге орай, Алматы зообағындағы екі алып жануарға сыйлық тарту етілді. Ол пілдер жақсы көретін жеміс-жидек пен көкөністерден жасалған ерекше торт. Ал, саябаққа келгендер Лао мен Аружанды тегін тамақтандыруға мүмкіндік алды. Қос жануар төл мерекелерін сезгендей адамдарға билерін көрсетті. Бұл пілдер елімізге 16 жыл бұрын әкелінген. Содан бері, зообақ қызметкерлеріне үйренісіп қалған көрінеді. Бір айта кетерлігі, олардың әрбірі күніне 300 келіге дейін тамақ жейді. Әрі ерекше күтімді қажет етеді. Қазір екеуінің де салмағы 3 тоннаға жуықтап қалған.
Балабек Мақатов, Алматы зообағы тұяқтылар бөлімінің меңгерушісі:
— Бұлар 2000 жылдан бері біздің осы хайуанаттар бағында өмір сүріп жатыр. Қазір аталық бастың жасы 19-ға келді. Аналық бастың жасы 17-де. Күтімдері жақсы. Жақын арада осылардан төл алсақ па деп, кәдімгідей қолда бар мүмкіншіліктерді аямай күтім жасап жатырмыз.