Алматыда таяқ жеп комаға түскен жедел жәрдем дәрігерінің өзі істі болуы мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда таяқ жеп комаға түскен жедел жәрдем дәрігерінің өзі істі болуы мүмкін

Алматыда таяқ жеп комаға түскен жедел жәрдем дәрігерінің өзі істі болуы мүмкін

Алматыда дәрігерді ұрып, жарымжан еткен бұзақы «кінәлі емеспін» деп отыр. Айтуынша, ақ халаттының өзі бірінші боп күш көрсетіпті. Жедел жәрдем дәрігерлері жабылған соң амалсыздан қолыма кірпіш алдым деген күдікті қазір, керісінше, комада жатқан Наркескен Сейсенбаевты өзі сотқа бермекші. Десе де, дәрігердің туыстары тентектің бар сөзін теріске шығарып отыр.

  • 3 Желтоқсан 2015
  • 348
Фото - Caravan.kz

Сейсенбаевтар отбасы уайым кешіп жүр. Ұлының өлім аузында жатқанын ести сала, сонау Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданынан келген. Бір жеті бойы тым құрыса даусын естуге зар болған ана кенжесімен соңғы рет сол түнгі шақыртудың алдында ғана тілдесіпті. 

Раушан Жылқыбаева, Наркескеннің анасы:

— Жұмысқа кетіп бара жатырмын деп  асығыс сөйлескен.  Наркескен бізге ауыртпалық салғысы келмеді. Сондықтан, қосымша жедел жәрдемде жұмыс істеп жүрді. Пәтерде тұрғаннан кейін енді жолының шығыны бар, тамағы бар…

Сөйтсе, Наркескен Сейсенбаев тек жедел жәрдемде ғана емес, тағы бірнеше емханада дәрігер болып жұмыс істеген екен. Күндіз-түні ақ халатын шешпеген жігіт оқу да оқып жүріпті. Ауылдан Алматыға арман арқалап келген бала алдағы жылы отбасын құруды да жоспарлап қойған екен. Тек көмек беремін деп комаға түскен жігіттің өзі істі болуы мүмкін. Өйткені оны есінен тандырған тандырған дәрігердің өзі күш көрсетті деп айыптауда.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

-Күдікті қазір дәрігерлердің өзі жабылғанын айтып жатыр. Жан-жақтан ұрған соң амалсыздан қорғануына тура келіпті. Анық-қанығы тергеу кезінде мәлім болады

Мұны естіген ата-ананың есінен танған. Айтуларынша, бес уақыт намазын қаза қылмаған ұлдарының қиянат жасауы мүмкін емес. Керісінше, күдіктінің өзі араға ауқатты ағаларын салып, істі ақшамен жаппақ болғанға ұқсайды.

Нақып Сейсенбаев, Наркескеннің әкесі:

-Кешірім сұрап әкесі, бір ағалары келген. Бірақ оларға жауап біреу-ақ. Кешірмеймін. деп қайтарып жібердім. Арыз тастадым. Қазіргі таңда орган адамдары өздері шешеді деп есептеймін.

26 жастағы жедел жәрдем дәрігері әлі де ес-түссіз жатыр. Бастан оңбай жарақат алған ол тіпті есін жиған күннің өзінде де өмірбақи мүгедек болып қалуы ықтимал. Қазір оның еміне әріптестері қаражат жинап, жігіттің есін жиғанын күтуде.