Айгүл Қабақбаева осыдан төрт жыл бұрын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша Маржанбұлаққа келген. Кітапханаға жұмысқа тұрып, осында тұрмысқа шығады. Жеңілдікпен үй алып, қазір несиесін төлеп отыр. Жас маман қазір ауылға келгеніне өкініп отыр. Себебі, мұнда ең алдымен аудандағы бастықтардың жағдайын жасауы тиіс екен. Тексеруге келгендерге дастархан жайып, бәйек болуға міндетті. Ал егер қарсы болсаң жұмыстан қуыласың. Айгүл тура осындай себеппен жұмыссыз қалдым деп отыр.
Айгүл Қабақбаева, кітапханашы:
-Үйіңе дастархан жай деді. Үйімде отбасылық жағдайлар туындап жатты. Мұндай адамды жұмыстан шығару керек қой. Бүйтіп жүргеннен тіпті тыңдамайды адамды дейді. Сонда мен олардың жұмыс жағынан емес, дастархан жағынан тыңдамағаным үшін жұмыстан шығуым керек екен.
Енді Айгүл ауылдағы үйінен де айрылып қалуы мүмкін. Себебі жас маман бес жыл болмай жұмысынан кететін болса берілген көтермеақының бәрі кері қайтарылады. Ал аудандағы басшысы қарамағындағы қызметкерінің қонақжайлылық танытпағанына өкпелегенін жасырмайды.
Гүлнар Бақытжанова, Алға аудандық кітапханалар жүйесі мекемесінің директоры:
-Дастархан жайып, қарсы алу оның міндетіне кірмейді. Бірақ біз сегіз адам болып барып ауылдағы кітапханасын ретке келтіріп бердік. Бірінші күні жұмыста тамақ берді. Екінші барғанда суды да сұрап іше алмадық. Сосын ауылдағы мектептің асханасынан түстендік.
Десе де, жас маманның жұмыстан кетуіне қызметіне салғырт қарағаны себеп дейді директор. Тіпті оның үстінен санаулы уақытта бірнеше акт толтырып үлгерген.
-Қазір Маржанбұлақ ауылындағы кітапхана жабық тұр. Жұмыстан қуылған жас маманның орнына аудандағы бастықтары мектепте еден жуатын тұрғынды алмақшы. Оны үш ай бойы үйретіп сынақтан өткізеді. Ал мамандығы бойынша дипломды колледжде сырттай оқып алатынына сенімді.