Қалалық ТЖД ақпаратынша, 21 желтоқсанда сағат 15.33-те «101» нөміріне Әл-Фараби даңғылы, 93 «А» мекенжайында орналасқан Қазақ инженерлік-технологиялық университетінде ғимарат шатыры отқа оранғаны жайлы хабар түсті.
Бірінші құрылым оқиға орнына сағат 15.44-те жетті.
«4-ші қабаттың шатыры отқа оранды. Қара түтін салдарынан адамдарды қауіпсіз жерге шығару оңай болмады. Барлау жұмыстарын жүргізу және отты ауыздықтау кезінде 75 адам қауіпсіз жерге шығарылды», — деп хабарлады ТЖД.
Өрт сағат 16.04-те ауыздықталып, сағат 16.18-те жойылды. Жалын 50 шаршы метр аумақты шарпыды. Барлығы 19 техника мен 77 құтқарушы жұмылдырылды.
Жапа шеккендер туралы ақпарат келіп түспеді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.