Жығылғанға жұдырық. Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы кикілжің өңірдегі өткір жағдайды одан әрі ушықтыра түсті. БҰҰ қос елдің көшбасшыларын келісімге келуге шақыруда. Даудың басы арабтардың 47 адамды өлім жазасына кесуінен басталды. Үкімге наразы болған ирандықтар Тегерандағы әмірлік елшілігіне шабуыл жасаған. Қарсы тарап жауап ретінде екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты шорт үзді. Осы кикілжіңге орай ел пікірі екіге жарылып отыр. Біреулер өлім жазасына қарсылық танытса, кейбірі терроризммен күресте бұл тиімді тәсіл дегенді айтады. Әлемнің назары Таяу Шығыста ушыққан осы жағдайға ауып тұр. БҰҰ бітімгер ретінде өршіген дауды шешуге барынша тырысып бағуда. Стефан Дюжаррик, БҰҰ мемлекеттік хатшысының баспасөз жетекшісі: — БҰҰ-ның арнайы өкілі Стаффан Мистур Эр-Рияд пен Тегеранға аттанды. Жағдайды ушықтармай, басқа проблемаларға ұластырып алмауымыз керек. Соңғы 5 жылда Сирияда қаншама жазықсыз жан терроризмнің құрбаны болды. Қақтығыстан келер пайда жоқ. Сондықтан қос тарап келісімге келіп, дипломатиялық қарым-қатынасты қайтадан жалғауы тиіс.