Иран мен Сауд Арабиясындағы жанжалға қатысты ресми Астана мәлімдеме жасады - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+7 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Иран мен Сауд Арабиясындағы жанжалға қатысты  ресми Астана мәлімдеме жасады

Иран мен Сауд Арабиясындағы жанжалға қатысты ресми Астана мәлімдеме жасады

Араб пен парсылар әскери қақтығысқа бармайды. Ал әлемдік мұнай бағасы біз күткендей көтерілмейді. Соңғы уақыттағы Сауд Арабиясы мен Иран арасындағы шиеленісті отандық сарапшылар осылай бағалады. Өйткені шииттік ағымның 47 өкілін өлім жазасына кесу екі алыптың арасындағы ежелден қалыптасқан тоң-теріс көзқарасқа тек қана қозғау салған. Ал Қазақстан бұл тұрғыда саяси диалог орнатып, келіссөз жүргізуге шақырып отыр.

  • 7 Қаңтар 2016
  • 320
Фото - Caravan.kz

Шииттік ағым өкілдеріне қатысты тым қатаң жазасынан кейін Сауд Арабиясының өзі ғана емес, Бахрейн, Судан, Кувейт те Теһрандағы елшілерін алдырды. Біріккен Араб Әмірліктері тек ресми өкілдіктерін қысқартумен шектелген. Отандық сарапшылардың айтуынша, бұл араб елдерінің Иранға одақтасып қарсы тұруын көрсетіп отыр. Бірақ бұл әлемдік мұнай бағасына әсер ете қоюы екіталай екен. 

Асқар Нұрша, саяси сарапшы:

-Мұнай бағасы біз күткендей аса қатты өспейді. Қазіргі бағаның өзгеруі уақытша ғана. Өйткені, екі ел арасындағы қырғи-қабақ көзқарас баяғыдан жалғасып келеді. Сауд Арабиясы үшін аймақта Иранның беделінің артуы тиімсіз.  

Жалпы, бұл текетірестің себебін сарапшылар мынадай үш фактордан көреді. Біріншіден, әрине, 47 шииттің өлімі. Екіншіден, санкциялардың алынуына байланысты Иран мұнайын Еуропаға шығармақшы. Ал бұл Сауд Арабиясының экономикалық мүддесіне қайшы. Үшіншіден, Сириядағы соғыста екі ел — екі тарапты қолдайды. Дегенмен, екі алыптың арасында әскери қақтығыс болмайды деген пікірде сарапшылар.

Георгий Дубовцев, Стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері:


Тікелей соғыс емес, тек, Сирия, Ирак, Ауғанстан сынды елдердің аумағында мүдделер қайшылығы болуы мүмкін. Өйткені Саудия әрі қарай қырсыға берсе, олардың Ормұз бұғазынан өтетін мұнай танкерлерін Иран тоқтатып тастай алады.

Әлемдік мұнай нарығына тәуелді ел ретінде Қазақстан да бұл жайттарға үн қатты. Астана екі ел арасын тек келіссөздер арқылы шешуге үндейді.

ҚР СІМ ресми мәлімдемесі:

-«Осы өңірдегі бізге достық қатынастағы бауырлас мемлекеттер – Сауд Арабиясы және Иранның басшылығын, сондай-ақ басқа да мемлекеттерді конфессияаралық шиеленістің әрі қарай өршіп кетпеуі үшін, келісімді қамтамасыз ету және дипломатиялық қатынастарды қайта қалпына келтіру үшін саяси диалогты орнатуға және елдер арасында келіссөздер жүргізуге шақырамыз».

Қазірдің өзінде Сауд Арабиясы Батыс Еуропаға сататын мұнайының баррелін 60 центке, ал Жерорта теңізі жағалауы елдері үшін баррелін 20 центке арзандатып жіберген. Демек, Иранмен арада экономикалық тартыс басталып кетті деген сөз.