Күләш Ашықова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Бізге аққу үлкен қуаныш. Жыл сайын күтеміз келгенін. Табиғаттың бір түрі ғой енді. Табиғат қазір өте кедей болып жатыр. Сондықтан аққу болған соң келіп, балаларға көрсетемін.
Негізі аққулар желтоқсанның басында ұшып келе бастайды. Бұл жолы әдеттегіден бір ай кешіккен әсем құсты сағынып қалса керек – ақтаулықтар бірден теңізге қарай ағылды. Ересектер мен балалар, тіпті жас жұбайлар да күннің ызғарына қарамастан аққуларды жемдеуге арнайы келіп, тербелісін тамашалап жүр. Алайда соңғы жылдары жергілікті жұрт жемдеуге асығатын құстардың қарасы азайып барады. Бұрындары 100-ге жуығы қыстап шықса, биыл тек жетеуі ұшып келген. Экологтар олардың биыл кешігуіне қыстың жылы болуы себеп дейді. Дегенмен әлі де құстардың қарасы көбейетініне сенімді. Сондықтан қала тұрғындарын аққуды жемдегенде абай болуға шақырады. Құстарды көбіне дәнді дақылдар және көкөністермен қоректендірген дұрыс.
Кирилл Осин, эколог:
-Біздің тұрғындар құстарға нан береді. Содан олар күпті болып қалады. Өткен жылы асқазанына нан кептеліп қалған бір аққу өлді. Сондықтан оларды жеңіл-желпі көкөністермен қоректендірген абзал. Онда да күн қатты салқын болғанда ғана…