Каспийдің бекіресі мен қорытпасына қырғидай тиетін браконьерлердің басты жауы – сағатына 120 шақырым жылдамдықпен жүйткитін мына катер. «Шайтан» деген лақап атқа ие мұны облыстық әкімшілік полицейлерге жергілікті қазынадан 198 млн теңге қаржы бөліп, сонау Италиядан алдыртыпты. Полицейлердің айтуынша, браконьерлердің астындағы жүйрік катерлер отандық су көліктерін он орап алатын көрінеді.
Гүлнәзира Мұхтарова, Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Айта кету керек, тек осы қайық қана браконьерлердің зәре-құтын қашырады, өйткені қалған техникамен оларды қуып жету мүмкін емес.
Осылайша, ақталмақ болған тәртіп сақшыларының бұл сөзін отандық кеме құрастырушылар жоққа шығарды. Мысалы, Оралдағы «Зенит» зауыты басшыларының сөзіне сенсек, жылдамдығына көз ілеспейтін мұндай катерлерді өзімізде де жасап шығаруға болады екен. Бағасы да миллион доллар емес.
Богдан Хомко, «Зенит» зауыты бас директорының орынбасары:
-Біз тапсырыс берушінің сызбасы бойынша кез-келген су көлігін жасап бере аламыз. Тек тапсырыс берсе болғаны. Оған тәжірибеміз де, күшіміз де жетеді. Және шетелде жасалатын қымбат су көліктерінен әлдеқайда арзан.
160 тонна балық. 200-ге жуық тәркіленген жүзгіш құралдар. Полицейлер «Шайтан» келгелі браконьерлердің басына қара бұлт үйіріліп, көрсеткіштің жақсарғанын айтқанымен, Каспийдегі ахуал оңалды деу қиын. Шақырымдап ау құрып, бекірені баудай түсіріп жатқандар «шайтанға» да қарап жатқан жоқ.