Құтқарушылар бұл видеоны екі үй арасындағы жердің опырылып құлаған күні түсіріп алған. Бір сәтте диаметрі 2, тереңдігі 3 метр болатын шұңқыр пайда болды. Абырой болғанда әдетте осында ойнайтын бала-шаға оған түсіп кетпеген. Қазір ордың беті қаңылтырмен жабылған.
Бағлан Дүйсенов, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Бір жарымда бір метрдей шұңқыр пайда болып қалыпты. Жер құлап кеткен. Тереңдігі былай қарасақ үш метрдей тереңдікте су ағып жатыр.
20 жылдан астам уақыт бойы осында тұрсақ та үй астында кәріз жүйесінің бар екенін білмеппіз,- дейді жұрт. Жер опырылып жатқан соң шауып келген шенділер әзірге кез-келген уақытта құлауы мүмкін екі үйдің тұрғындарын баспанасын тастап кетуге көндіріпті. Қауіпсіз жерге көшіргенімен биліктегілер енді үйді шұңқырдың жанына неге саласыңдар деп құқай көрсетіп жатқан көрінеді.
Нұрлан Дүйсенов, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Құжаттарың дұрыс емес дейді. Қай жаққа барамын қазір. Сенгенім осы. Сонша жылдан бері салып жатқан тамым осы мынау. Басқа ештемем жоқ менің.
Қазір, қирағалы тұрған екі үйден шығарылған 13 адам уақытша пәтер іздеп жүр. Жалдамалы пәтердің ақысын әкімдік көтермекші. Тек, әбден тозығы жеткен кәріз коллекторының үстінде тағы бір көше үй тұр.
-Бұл ауданда кәріз жүйесі өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Содан бері ешқандай жөндеу жұмыстарын көрмепті. Қазір құлағалы тұрған құбыр үстінде 20 шақты үй орналасқан. Енді сол тұрғындар шарбақтарымен сарайын қиратса, кейбірі тіпті үйлерін сүруге мәжбүр болайын деп тұр.
Апат орын алған соң шұғыл комиссия құрған шенеуніктер кәріз коллекторы әбден ескірген деп отыр. Жөндеуге сол жерде тұрған үйлер кедергі жасайды екен. Негізі мұндағы құрылыстың барлығы заңсыз деп салды бүгін қала басшылығы.
Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
-Оның заңдылығының бәрін зерттейміз, комиссиямен қалай рұқсат алғандарын. Барлығы ескертілген. Сотқа дейін 3 мәрте ескертілді. Сосын береді.
Әзірше екі шаңыраққа жалдамалы үйге көшірген әкімдік алдағы уақытта өтемақы мәселесін де қарастырамыз дейді. Арнайы құрылған комиссия бұл ауданның проблемасын екі ай қарастыратын болады.