Еліміздің барлық облысында комуналдық қызмет ақысы қымбаттады - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+10 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еліміздің барлық облысында комуналдық қызмет ақысы қымбаттады

Еліміздің барлық облысында комуналдық қызмет ақысы қымбаттады

Қарапайым халық жаппай үнемге көше бастады. Себебі еліміздің барлық облысында комуналдық қызмет ақысы қымбаттап жатыр. Атап айтқанда жылу, жарық және ауыз су үшін жұрт бұрынғыдан артық теңгеге  шығынданатын болды. Әрі бұл жолғы тариф тура 2020 жылға дейін белгіленген. Ал монополистердің тәбетін тежеуі тиіс шенеуніктер өскен баға «нарыққа сай» деп негізсіз дүрлікпеуге кеңес берді.  

  • 12 Қаңтар 2016
  • 238
Фото - Caravan.kz

Валерий Федеров қымбатшылықтан әбден мезі болған астаналық қарттың бірі. Жаңа жылдан бастап зейнетақысының 9 пайызға өскеніне аса қуана қоймады. Үкіметтің артық ақша қосқаны сол екен, коммуналдық қызмет шарықтап шыға келді.

Валерий Федоров, Астана қаласының тұрғыны:

-Әйелім де ауырып жатыр қазір. Дәрі алып жатыр, оның өзі 4-5 мың. Коммуналдық ақының өскені бізге ауыр соқты. Зейнетақы жетер-жетпес айдың аяғына дейін.

Қымбаттаған коммуналдық ақы тек зейнеткерлердің емес, әсіресе әлжуаз әлеуметтік топтың қалтасын қағатыны анық. Өйткені, жылу, жарық, су тіпті, кәріз жүйесінің тарифтері барлығы бірдей қымбаттады. Және бұл  алдағы 5 жылға бекітілген баға. Коммуналдық ақы тұтыну мөлшеріне қарай әр облыста  әртүрлі.

Мәселен, астаналықтар енді электр энергиясының әр килловаты үшін 3 теңге төлейді. Әрі тариф 2020 жылға дейін біртіндеп өсе береді. Суды артық пайдалану да енді шығын. Бір текше метрдің құны бұдан былай 44 теңге тұрады. Жылу бағасы да көтерілген. 

Серік Жұманғарин, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы:

-Тарифтерді 5 жылға әдейі жоспарлап отырмыз. Бұл бағаның бірден шарықтап кетуіне жол бермейді. Қазіргі қызмет ақысы да тым қымбат емес. Нарыққа сай болып тұр. Сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ.

Осылайша 17 миллион халық ақпан айынан жаңа тариф бойынша төлейді. Коммуналдық мекемелер ай сайын төленетін ақының аспандауын басқаша түсіндіріп отыр. Яғни, артық ақшаға құбырларды жаңаламақ. Бір қызығы, монополистердің бұл уәжімен Есілдің сол жағалауындағы шенеуніктер оңай келісе салды. Енді қарапайым халыққа жылу мен жарықты суды үнеммен пайдаланудан басқа амал жоқ.