Кезінде несиеге қымбат пәтер алып, уақытында төлей алмағандар өзгелердің назарын өзіне аудару үшін бүгін өзгеше әдіс тауыпты. Белшеден қарыз борышкерлер қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша азайтылған пайыздарына разы емес. Сол қарсылықтары жазылған қағаздарды бүгін олар табытқа салып, банк алдында «жоқтау айтты».
— АТФ қош бол. Өспеңдер өнбеңдер. Бізден тартып алған пәтерлерге қақалып өліңдер.
Банк атауы ілінген қара шарларды көкке жіберген борышкерлер ашулы. Олар қайта қаржыландырудан соң айлық төлем адамның қалтасын қақпайтын мөлшерден аспасын дейді.
Сұлубике Жақсылықова, «Халықты баспанамен қамтыңыздар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
—Ешкімге артық жеңілдік жасалмайды деп кесіп айтты. Біз мүгедектерге алаңдаймыз. Бірақ банк қызметкері бұл тек бірінші топтағыларға қатысты екенін алға тартуда. Мүгедектердің жәрдемақысы 26 мыңнан аспайды, ендеше неге талап әртүрлі болады?
Бір қызығы шу көтерген 50-ден аса адамның ішінде тек бірнешеуінің ғана «АТФ банк» алдында қарызы бар екен. Менеджерлер олардың өтінішін қабылдап, заңмен белгіленген уақытта ресми жауап беруге уәде етті.
Елдос Жұмабаев, «АТФ банк» АҚ басқарма директоры:
-Бағдарлама аясында жұмыс істейміз. Жауапкершіліктен қашпаймыз. Ұлттық банктің нұсқауы міндетті түрде орындалады.
Қазіргі таңда ел бойынша осындай борышкерлер саны 20 мыңнан асады. Қарызды қайтару мерзімін 20 жылға ұзарту, жылдық үстемені 3 пайызға дейін төмендету сияқты мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалса да, борышкерлердің жыры әлі бітер емес.