ҚМДБ төрағасы халыққа Үндеу жариялады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ҚМДБ төрағасы халыққа Үндеу жариялады

ҚМДБ төрағасы халыққа Үндеу жариялады

 

  • 31 Мамыр 2016
  • 495
Фото - Caravan.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ қасиетті Рамазан айына байланысты халыққа Үндеу жасады, деп хабарлайды Caravan.kz

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті отандастар, бауырлар! Баршаңызды күллі мұсылман баласы сағына күткен, берекелі, қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын. Рамазан мүбәрәк болғай!

Рамазан – жалпыға ортақ ізгі амалдар маусымы. Ораза – тәрбие, сабыр, қайырымдылық, ізгілік мектебі.

Рамазан – қайырымды жандар үшін үлкен мүмкіндік. Оразада жасалған Жаратушы Иемізге ұнамды әрбір қайырлы іс – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір өсиетінде:«Адамдардың жақсысы – елге пайдасы тигендері», – деген. Адам қалай ниет етсе, сол мақсатына жетеді.

Әр пенде сауапты амалымен, тақуалығымен Алланың алдында дәрежесі артады. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, мәселен, су тасқынынан үйсіз, шарасыз қалған отандастарымызға қайырымдылық жасауға, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге қол ұшын беруге, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын.

Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал зекет берекелі Рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады. 


Қасиетті айдың құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін. 

Сонымен қатар, көпшілік жұртқа оразаның әр күнінде бір жақсылық жасауды жоспарлап, осынау сауапты амалдарды ықыласпен орындауға, Алланың әрдайым бізге үздіксіз нәсіп ететін нығметтерінен садақа беруге шақырамын. Ізгі амалдар Рамазаннан кейінгі айларда да жалғасын тапса игі.

Рамазан – бірлік айы. Осы айда берілетін ауызашарлар ағайын-жұрттың арасын жақындастырып, игі іс-шаралар мен қайырымдылық акциялар халқымызды сенімі мен нәсіліне қарамай, ортақ мақсатқа үндейді. Бүкіл әлемнің Жаратушысы барша адамға: «Бөлінбеңдер», – деп бауырмал болуға бұйырған. Бірлігі күшті елдің берекесі артады. Бірлігімізге бекем болайық!

Қадірлі жамағат! Сауабы еселеніп жазылатын қасиетті айда жасаған амалдарымыз бен ізгі ниеттерімізді Алла Тағала қабыл еткей! Әумин!