Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін Ұлыбритания парламентінің мүшесі Маргарет Ходж Қазақстан мен Әзербайжан Ресейді қолдайтынын мәлімдеп, бұл елдерге қарсы санкция салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын. Ал Ұлыбритания сыртқы істер министрі Лиз Трасс ведомство бұл мәселені зерделеп жатқанын айтты.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ұлыбритания елшісін Қазақстанға қарсы санкция салу мүмкіндігі туралы британ тарапының позициясын түсіндіру үшін шақырды.
"Бұл парламентте сөйлеген бір депутаттың мәлімдемесі. Біз мұның немен байланысты екенін түсіндіру үшін Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісін (Кэти Лич – Sputnik) сыртқы істер министрлігіне шақырдық. Оның түсініктемесін күтіп отырмыз", — деді 2 наурызда парламент кулуарында Қазақстанның сыртқы істер вице-министрі Шахрат Нұрышев.
Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесті. Ол британ тарапы екі ел арасындағы сенімді қарым-қатынасқа үлкен мән беретінін мәлімдеді.
"Біз Украинаның аумақтық тұтастығына қатысты баяндалған нақты позицияны аңғарып отырмыз және бейбітшілікті, көпжақты дипломатияны және БҰҰ жарғысының қағидаттарын қолдап келген 30 жылдық тұрақты позицияны жоғары бағалаймыз", — деді Кэти Лич.