Ораза айт мерекесі, құттықтау, тілек - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-6 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ораза айт мерекесі, құттықтау, тілек

Ораза айт мерекесі, құттықтау, тілек

Жер бетіндегі барлық мұсылман қауымы үшін ең қасиетті саналатын екі ұлық мерекенің бірі - Ораза айт мейрамы.

  • 1 Сәуiр
  • 18896
Фото - Caravan.kz

Бұл күні Алланың разылығы үшін бір ай бойы ауыз бекітіп, мұсылмандықтың бес парызының бірі саналатын Оразаның шарттарын орындаған жандар ауыздарын ашады. Мұсылмандар Оразамен қимай қоштасып, Алла Тағалаға қасиетті Рамазан айына амандықта-саулықта жеткізгеніне шексіз алғыс айтып, келесі Рамазан айына да есендікте жетулерін тілеп, мінәжат етеді.

Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Ораза айт 624 жылдан бері аталып келеді. Әнәс (р.а.) былай риуаят етеді: Расулуллаһ Мәдинаға келген кезінде, мәдиналықтардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Олар: Жәһилдік (Исламнан бұрынғы) дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік — деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға қарап былай деді: Аллаһ ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі Құрбан айт, екіншісі Рамазан айты. (Әбу Дәуіт, Салат 239; Ахмет бин Ханбәл III 103, 235).

Айттың мән-мағынасына келсек, Айт — қуаныш пен шаттыққа толы күн деген мағынаны немесе мереке, мейрам деген ұғымды білдіреді екен. Аллаһ Тағала айт сайын адам баласына әр түрлі жақсылықтар береді. Ораза айт мейрамы үш күн бойы тойланады. Айт мейрамы алдымен айт намазын оқумен бас­талады. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: Айт күні бірінші орындайтынымыз — намаз оқу, — деген. Бұл намаз Исламның ұраны болғандықтан, пайғамбарымыз Мұ­хаммед (с.ғ.с.) өмірінде оны бір рет те қал­дырмай оқыған. Айтта мұсылмандардың бір-бірімен татулықтарын арттыруы — мерекенің негізгі сәні. Осы мақсатта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Бір-біріңе сыйлық беріп, тату­ла­сыңдар… Бір-біріңе берген сыйлықтарың — араларыңдағы өшпенділікті жояды, — деп өсиет еткен. Ораза айт мерекесі шәууәл айының бірінші күні басталып, үш күнге созылады. Ол күні ер­терек тұрып, ғұсыл алып, мешітке — айт нама­зы­на хош иісті болып бару — Пайғам­бары­мыздың (с.ғ.с.) сүйсіне жасайтын амалынан еді. Сондықтан да, бұл амал мұстахаб саналады. Се­бебі, бұл қасиетті жұма сияқты көпшілікпен ашық-жарқын араласатын күн. Жұма күні қан­дай амалдар сүннет болса, айт күніне де солай. Осы айтқа байланысты тағы бір сүннет амалы жайында хадисте: Пайғам­барымыз (с.ғ.с.) айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын еді, — делінген. Бұл да әрбір мұсылман үшін сүннет.

Ораза айт күндері әрбір мұсылманның шаңырағында шелпек, бауырсақ пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәні де, салтанаты да ерекше мерекелік дастарқан жайылып, қонақтар шақырылады. Сонымен қатар, жағдайы төмен адамдарға жәрдем көрсетіліп, олар да мейрамнан тыс қалдырылмайды. Бұл күндері туған-туыстар бір жерге жиналып немесе зират басына барып өмірден озған жақындарының әруағына бағыштап құран оқиды. Қасиетті Рамазан айынан кейін келетін осы ұлық мерекені әлемдегі жалпы бүкіл мұсылмандар айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені Рамазан — береке мен бірлік, бейбітшілік, игілік, кешірім, мейірім және қайырымдылықтың айы болса, үш күн бойы аталып өтілетін Ораза айт адамдардың жан дүниесін, сана-сезімін, көңілін қуанышқа бөлейтін, кірбіңнен тазалайтын ұлық мереке болып саналады. Арада қаншама ғасыр өтсе де, бұл ұлық мейрамның мән-маңызы кемімей, керісінше жыл өткен сайын артып келеді. Бұл мейрамның әдеттегілерден негізгі еркшеліктері — адамдарды бауырмалдылыққа, кішіпейілділікке, кешірімділікке, сүйіспеншілікке шақырады. Мұсылмандар құдіреті күшті Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтеріне тәубе айтып, шүкіршілік жасауға үндейді.

Қасиетті Рамазан айынан кейін келген ұлық мереке — Ораза Айт баршамыз үшін құтты болсын! Туған Отанымыз — Қазақстанымыз бейбітшілік пен татулықтың құшағында өсіп-өркендеп, ана тіліміздің мәртебесі арта берсін, ислам діні қанатын кеңге жая берсін! Қазақстандағы әрбір шаңырақтың құт-берекесі молая түссін!

Шариғат бойынша айт намазын жамағатпен оқу – уәжіп. Алайда, биылғы ораза айт намазы еліміздегі карантин жағдайына байланысты мешіттерде жамағатпен өткізілмейді. Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес.

Бірақ, айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл (дұха) намазын жеке оқи алады. Оны төрт ракағат етіп оқу – абзал. Абдулла ибн Масғуд (Алла одан разы болсын): «Айт намазын оқи алмаған адам төрт ракағат намаз оқиды. Бірінші ракағатта «Фатиха» сүресінен кейін «Сәббихисмә раббикәл-ағлаа», екінші ракағатта «Уәш-шәмси уә духааһәә», үшінші ракағатта «Уәл-ләйли изаа яғшаа», төртінші ракағатта «Уад-духаа» сүрелерін оқиды», – деген. Ал аталмыш сүрелерді жатқа білмейтін кісілер басқа да сүрелерді оқыса болады.

Сонымен қоса, пітір садақасын әлі бермеген кісілер айт намазы уақытына дейін беріп үлгерулері керек.

Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Бүкіл ел қуанып, тойлайтын мейрам күнінде пітір садақалары арқылы қажетті нәрселерін алып, кедейлер де жұрт қатарлы қуанып шаттанады.

Хадистердің бірінде: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақаны парыз етті. Кім оны (айт) намаздан бұрын берсе, ол зекет болып қабылданады, ал намаздан кейін берсе, жай ғана садақа болып есептеледі» делінген» (Әбу Дәуіт, Ибн Мажә).