"Ауруға қарсы атқа мінгенде алдымен қолға алатын іс - елді ағарту" - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Ауруға қарсы атқа мінгенде алдымен қолға алатын іс - елді ағарту"

"Ауруға қарсы атқа мінгенде алдымен қолға алатын іс - елді ағарту"

 Ең алғашқылардың бірі болып денсаулық туралы зерттеген Алаш зиялыларының жасаған еңбегі қыруар.

  • 17 Қаңтар 2023
  • 72
Фото - Caravan.kz

Алаш зиялыларының бастамасымен оның ішінде ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның денсаулық тақырыбына байланысты, жұқпалы аурулар, олардың алдын алу шаралары туралы жазған зерттеулері мен мәліметтері күні бүгінге дейін маңызы мен мазмұның жоғалтқан жоқ. Москвада қызмет жасап жүргенде Әлихан Бөкейхан өзі бас болып «Денсаулық сақта» кітабын жарыққа шығарды. Жұқпалы аурулар туралы жазылған бірнеше зерттеу еңбектеріне алғысөз жазып, сын айтты. 1926-1927 жж Москвадағы «Күншығыс» баспасынан таралымы жағынан 3000 мен 5000 тираж аралығын қамтитын 10нан астам «Жұқпалы аурулар туралы» кітаптар басылып шығарылған. Денсаулық тақырыбында кітап жазған Алаш зиялыларының қатарында: Халел Досмұхамедов, Міржақып Дулатов, Тұрағұл Абайұлы, Жұмағали Тілеуліұлы, Біләл Малдыбайұлы, Ахмет Мамытұлы тб қазақ зиялылары болды. Жұқпалы аурулар мен олардан сақтану және алдын алу үшін өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары қажетті кітаптар шығарып, ұлт істерін өркендетуге өз үлестерін қосқан.  Денсаулық — баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Адам өмірінің маңызы, ең бағалысы — денсаулық. Көп жасау — деннің саулығы, бақытты болу — адамның өз қолындағы ісі. Денсаулық — ең қасиетті де құнды, қайталанбас, жоғалса қайта орныны қиындықпен келетін, адам баласының орны толмас асыл қазынасы. "Қазақстан 2030" бағдарламасында Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан азаматтарының ертеңі бүгіннен басталатынын көрсетсе керек. Салауатты өмір салтының мақсаты — өмір сүрудің мағынасы терең екендігін білдіруде. Ішімдік, нашақорлық — адамның жауы. Бұл жолдан аулақ жүру керек. Басты байлық денсаулық. Денсаулық дұрыс болу үшін қоғамдық жүйе де дұрыс болу қажет.

       Халқымыз "Дені саудың — жаны сау" деп тегін айтпаған. Еліміздің келешегі, көркеюі — салауатты өмір салтын сақтау мен қолдауда. Денсаулық — бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тәннің саулығын және рухани саулығын сезіну. Денсаулық қоршаған орта мен тыныс тіршілігімізге тікелей байланысты. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының жарғысында "Денсаулық — физикалық ақаудың, аурудың болмауы ғана емес, адамның физикалық, психикалық, рухани және әлеуметтік тұрғыдағы толыққанды белсенділігі" ретінде түсіндіріледі. Денсаулық, салауаттылық санадан бастау алады. Яғни тек жеке бастың ғана емес ұлтымыздың да ұлы игілігі.

      XX ғасырдың басындағы бүкіл қазақ интеллигенциясының көшбасшысы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханнан үйренетін сан қилы үлгі бар. Оның идеялары мен тәжірибелері байлығы жөнінен бірегей. Әлеуметтік және адамгершілік қоры да әлі түгелдей игерілген жоқ. Бұған әрине қоғамның өзі жауапты. Шындығына келгенде, біздің мәдениет бұқаралық, ұжымдық және жеке көріністері арқылы ұлт қуатының және сол сияқты әлсіздігінің де негізгі қайнар көзі саналады, дейді тарих ғылымдарының докторы Дина Аманжолова. Әлихан Бөкейханның қазақ алдында өтемеген борышы: білімі мен Еуропаның таңдамалы оқымыстыларына тең түсіп, құрдас болса да қазақты салмақтаған, келешекке бақыт көрсеткен "пәнді еңбек" істемегені, дейді Қ.Кемеңгерұлы. Жүрегі бала, иманы таза, шыншыл, сенімшіл Әлиханға қара тұрмыстың кіріне былғанып, саясат сандалына түскенше, пән жолына түсіп, жоспар көрсетуі керек еді. Саясаттың бұлтақ-сұлтағы көп, кейде алдауды да керек қылады. Әлиханда бұл мінез жоқ. Шындығында Әлихан Бөкейхан саяси іске езілген елі үшін амалсыздан кірді. Ұлтың өте сүйген жүрегі, біраз жылдар Әлиханның тума пікіріне қарсы жолдарға түсірді. Басқа жұрттардың басшылары тым-тырақай шет елдерге өтіп кетсе Әлиханның қоныс аудармай қалуы да — елін сүйгендікке дәлел. (Таңдамалы. Алматы, "Өлке" баспасы, 2002 жыл).

        Әлихан Бөкейхан XX ғасырдың басында саты-сатымен жүйелі білім алып, екі бірдей жоғарғы оқу орнын бітірген тұңғыш қазақ азаматы болды. Өз еңбектерінде Алаш қайраткері ғылымның әр саласынан хабардар екендігін көрсетеді. Қазақстанға орныққан алғашы жылдарында-ақ Кеңес өкіметі де Бөкейханды ғұлама ғалым деп еріксіз мойындады. Мысалы, Қазақ компартиясының 1921 жылдың маусымында Орынборда өткен 1-партия конференциясында Қазақ АКСР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы В.Радус-Зенкович өзінің қорытынды сөзінде Бөкейханды “Қазақ өлкесінің ең үздік білігірі” деп мойындады: “Бөкейхан — қазақтың тұрмыс-тіршілігі, өлкенің тарихы жағынан нағыз энциклопедист. Онымен ешбір кітап теңесе алмайды. Бізде осындай қызметкерлер болса екен”.

        Академик Ә.Марғұлан өзі дүниеден өткенннен кейін жарияланған естелігінде Бөкейханның Ленинградтың мемлекеттік университетінде

профессор болып дәріс оқығанын жазды. Әрбір халықтың сан ғасырлық тарихында ұлтының даму үрдісін, санасын жаңа арнаға бұрған айрықша тұлғалар болады. Олар рухани мәдениет деңгейін тың белеске көтеріп, өркендеудің сара бағыттарын айқындап береді. Осындай кесек тұлғалардың бел ортасында Әлихан Бөкейхан тұр. 1926 жылы жарық көрген ”Денсаулық сақтықта” атты кітапшасында Әлихан Бөкейхан “Өмірде ең қымбат не? Ол денсаулық!”, “Үйдің атаулы кемшілігі”, “Үйдің екінші айыбы кір-қоқсық” атты еңбектерін жазады. Кітапта аурулардың қалай таралатынын: “Трақома дейтін көздің жұқпасы бар. Алқымына шың алса, көзді шығарып жібереді. Трақома біздің Алаштың жайындай құрғақта сирек болады. Бізге мұны Ауған-орыс, не Азамат соғысында күнбатыстан келген көп әскер келіп жұқтырған болады. Трақома бір орамалға бет сүрткеннен үйдің ішіндегі адамның бәріне жұғады. “Трақома  — егін салатын жұрттың ауруы, осы себептен трақома еуропада Аустрия-Венгрияда, орыста қара топырақта, Еділ бойындағы губернияларда көп. Трақоманы жұртқа жаятын настық, тар, кір, жаман үй (жер күрке), ас — түтінде шошала, неміс халқының бір шылапшыннан тәмәм бір үй адамы бет жуған рәсімі. Біздің қазақ та шәруа мал болған соң, соқыр да, трақома да аз еді. Енді Торғай, Орал, Ақмола, Жетісу егіншаруасына белдемшіден кірді, трақомасыз болмас. Бұлай болған соң мұны азайтатын амалын қылу керек”. [Трақома. Қыр баласы Ә.Бөкейхан шығармалар жинағы, 8-том Астана 2016]. Трақома жұқпалы көз ауруы. Ғылым һәм байлық қалың жұртқа таза жайылған Англия, Франция; Швейцария мемлекеттерінде ауру трақома да һәм соқыр да жоқ есебінде. Надан, кедей біздің орыс патшалығында ауру трақома да һәм соқыр да көп. Еуропа мен Азия бетіне қарасақ, ғылым күншығыстан күнбатысқа қарай өседі, трақома дәл солай болып тұр, бұған дәлел: әрбір мың көз аурудың трақома болады 700і Қытайда, 500і Жапонияда, 289ы Самарада,100і Мәскеуде, 80і Петербургта, 100і Варшавада, 14і Берлинде, 5і Лондонда,1і Сюрихта. Мұнда трақома жоқ десе де болады. Жапон, Қытайдың күншығысында болып, трақомамен аз ауырғаны халқының ғылымы арқасында [Трақома. Қыр баласы Ә.Бөкейхан шығармалар жинағы, 8-том Астана 2016]. Әлихан Бөкейхан трақоманың таралу тарихын зерттей отырып, алдын алу жолдарын да көрсетеді. “Трақомаға қарсы қылар амал халықты ғылымды бай қылмақ. Бұл мақсат оңай да, жақын да емес, Еуропаны көріп отырмыз ғой: адам баласының қолынан келмейтін де іс емес. Трақомадан сақтанамын десе, таза болу керек. Бұл, ерінбесе әркімнің өз қолынан келеді. Жоғарыда жаздым трақома егіншінің ауруы деп. Егінге, мал боқтығына араласқан кісі қолын әрқашан сабындап таза жуу тіпті керек. Осы қолды сабындап жуу намаздай… болса сонда трақома жоқ болады. Үй ішінде неше кісі болса, сонша бет сүртетін орамал болу керек. Трақома емге көнеді. Трақома бар жерде ауру қарайтын жеке аурухана салу керек. [Трақома. Қыр баласы Ә.Бөкейхан шығармалар жинағы, 8-том Астана 2016].

         “Мәдени жұрттар балаға шешек кіші бір жасында тегіс егеді.  Осымен нағыз шешектен өлу мәдени жұртта аз болады. Келген ауруға қарсы қам қылу шығынын мемлекет қазынасы көтеретін закон бар. Бірақ… жан үшін бұл туралы шығынды қазақ өзі көтергені дұрыс. Себебі халықтың денсаулығы — елдің игілігі, келешегі. Қазір шешек егетін кісілер де  табыла қоймас. Бұлардың жұмысын Омбыдағы фельдшер школасында қазақ балалары тілеп шықса істер еді. Орыста бұл болып жүрген іс. Ажалдан алып қалған қазақтар бір жылғы оқудан арзан болмас еді. Ал қазақ шешектен сақтан, шешектен бұрын қан қырған қожадан сақтан!” [Қыр баласы 1915 жыл Самара қ, Шешек, А.Бөкейхан шығармалар жинағы, 8-том Астана 2016]. “Адам баласына” шешек қашаннан бері жолдас болғанын тарих білмейді. Ғайса пайғамбар тумастан 1000 жыл бұрын Қытай патшасы Шин Тонға аурудан алып шешек егіпті. Англия, Дания, Мексика, Индия, Германия жұрты не заманнан бері біледі. Шешек қырғын аурудың бірі екені жер үстіндегі жұрттың бәріне белгілі. Әуелі аурудан тұқым алып, сауға еккен [Қыр баласы 1915 жыл Орынбор қ, Шешек, Ә.Бөкейхан шығармалар жинағы, 8-том Астана 2016]. 1879 жылы Қарқаралы уезінде оңтүстік надан болыстарында қырғын шешек болып, мұның артынан сүйретіліп ере жүретін қожа табылып, ол қожекең сұқ қолмен бармақ арасынан бәкі салып, аурудан алған тұқымды сол бәкі салған жерге жұқтырып еккен. Сөйтіп, көп адамды өлтіріп, жұртқа шешекті көбірек жайған. “1717 жылы Стамбулда Англия елшісі герцог Монтагу баласына егіп ол баласы әлде қалай жазылып, еліне қайтып, шешекті кісіден алып егуді Англия жұртына жайған. Осыны көрген Ресей патшасы 1768 жылы өзіне адамнан алған шешекті еккізген. Адамнан алып еккен шешектің қаупы жұққан шешектен бірдей болған соң, басқа қауіпсіз боларлық амалын қарастырғандар болған. 1796 жылы осынын көп іздеген Англия дәрігері Эдуард Дженнер бұзаудан алған шешектің тұқымын адамға егуді ойлап тапты. 20 жыл қарап, сынап, сонан кейін жарыққа шығарды. Ғылым жолының қиыны осында. Біздің қожалар өздері түк білмей тұрып, бәкі сала бастайды. Англия парламенті 1798 жылы, Дженнер кітабы шыққан соң, бұған 200 мың бәйге берді. 1858 жылы Дженнер аты өшпес үшін Лондонда ескерткіш қорған соқты. Оған бұлай деп жазды: “Адам баласының қорғаны Дженнерге Англия жұртынан”. Шешекке қылатын амал сол заманнан бері оп-оңай бұзаудан алған шешек тұқымын адамға егеді. Бір кісіге егуге 3-4 минут қана кетеді. Бір сағатта 15-20 кісіні егуге болады. Қазақтың бір ауылында 100 үй десек адамы 500 болады. Бұларға шешек егуге көп болса 3 күн кетеді. Бұзау шешегін еккен адамға жай шешек жоламайды. Шебер кісі ексе ет ауырмайды. Жұқа қалақша болат пышақ басын бұзау шешегінің тұқымына малып алып, теріні сипап қанатады. Шешек екті деген осы. Қырда болған бұрын шешек егуші қазақ жігіттері бала қолына анасының көзінше шырылдатып пышақ салған хайуандық, қазақты қорқытып ақша жиып алу үшін істейтін іс. Бұл күнде шешек егуден қорқу надандық. Мынаны тастау керек. Шешекке бұл айтылғаннан басқа ем жоқ. Адам баласы басқа жануарлардан ақылымен, естілігімен, шеберлігімен ажыратылады. Бұлай болған соң жаз шығуға сыйынған адам адам жолынан шыға жайылу болар.

“- Атың қайда?


 -Құдайға тапсырып қоя бердім.

 -Атышың мықты екен, сонда да өзін қара,”- деген қазақ сөзі бар. Мәдени жұрттар балаға шешекті бір жасында тегіс егеді сондықтан нағыз шешектен өлі мәдени жұртта аз болады. Мысалы 1млн адамнан шешектен өлетіндердің саны көрсетелік: Германияда млн адамнан 2 кісі, Францияда — 147, Бельгияда — 259, Австрияда — 313, Россияда — 836. Мұнау соңғы жылдағы санның ішінде қазақ, ноғай, сарт, башқұрт жоқ-ау деймін. Шешек ұстап қоя берген кісі бұл жұртта тым көп болады. Бұлардың өлгені есепте жасырын қалған десек онша адаса қоймаспыз. Соғыс шешексіз, кезіксіз болған емес. 1870 жылы неміс пен француз соғысында шешектен өлген есебі: Германияда — 300, Францияда — 23400. Германияда заң арқылы шешек балаға тегіс егіледі. Біздің қазақ облыстарында шешекке қарсы мәдени жұрттың қылатын шарасының түрі төменгі шығыннан көрінеді. Шешек егу турасындағы шығын:

Орал облысында — 2600 сом

Торғай — 3890

Ақмола — 1200

Семей — 1200

Жетісу — 1800

Самарқан — 300800

Сырдария, Ферғана — 3800. Бұл есепті мемлекеттік дума қараған 1913-15 жылдарда жасалған құжаттардан алдым. Осы айтылған облыстардың адамы 1897 жылғы санақта 6млн 896мың 368 адам болған. Енді млн адам өсімі жылына 15 кісі болады десек, бұл күндегі адам саны 7млннан асады. Осы 7млн жұрт шешекке қарсы қам қылғандағы шығыны 14мың 490 сом. Бұл 500 кісіге 1 сомнан келеді. Шешекке деп шығарған жұрт қазынасы жоғарыда жазылды. Ол ақшамен жарты іс қылуға болмайды. Келген ауруға қарсы қам қылу шығының мемлекет қазынасы көтеретін заң бар. Бірақ бұл жол соғыс кезінде тар, шабан. Өлген адам қайтпайды. Жан үшін бұл туралы шығынды қазақ өзі көтергені дұрыс”- деп ғасырдың басында Әлихан Бөкейхан эпидемиямен күресу жолдарын заңмен бекіту туралы халықтың денсаулығын сақтау үшін қаражатпен бірге мәдени сауаттылық керектігін баса түсіндіреді [Қыр баласы 1915 жыл Самара қ, Шешек, Ә.Бөкейхан шығармалар жинағы, 8-том Астана 2016].. Аурудың тарихын зерттеп қана қоймай алдын алу жолдарын көрестеді. “ Қазір шешек егетін кісілер де табыла қоймас. Бұлардың жұмысын Омбыдағы фельдшер школасында оқып жүрген қазақ балалары тілеп шықса, игілікті шаруа болар еді. Орыста бұл болып жүрген іс. Ал қазақ шешектен сақтан. [Қыр баласы 1915 жыл Самара қ, Шешек, Ә.Бөкейхан шығармалар жинағы, 8-том Астана 2016].

Жер бетін жайлаған індетті жеңудің ең тиімді жолы, жалғыз жолы — вакцинация алу. Жаппай екпе алу арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастырып кез келген эпидемия, пандемияға қарсы тұра аламыз. Вакцина алу адамның ғана емес, бір отбасының немесе тұтас ұжымның тағдырын сақтап қалуға септігін тигізетіні ертеден ақ адамзат дәлелдеген шаруа. Екпе алу — індетпен күресудің ең тиімді жолы екендігін Алаш көсемі ғасырдың басында дәлелдеп отыр.

         Келесі бір шығармасында Әлихан Бөкейхан “Өмірде ең қымбат не? Ол денсаулық!” деп нақты көрсетеді. “Таудай бақ басқа құласа да, кісі ауырса, ол түкте көзге көрінбейді. Ауруға кең аспан тор көктей, жер аяқты қысқан етіктей болады. Егін салып, мал бағып, қара қазан сары бала үшін күшін жалдап күнелткен адамның жалынғаны — денсаулық. Шаруа ауырып қалса жұмыс ретінен шығып қалады. Ішке су, демалған әуе, бірге жүрген адам, жатқан үй, барған базар, қала, ауыл бәрі қардай қаптаған ауру. Бұдан біз сақтана да білмейміз. Ауырсақ “шүкір” деп, “молда, ойна” деп, “бақсы, тамыр ұста” деп балгерді шақырамыз. Бұлар емнен түкті білсе, “басына дастар құласын”. Дәрігер, аурухана жаңа тәлтіректеп дүріп келеді, бұрынғы жатқаныңнан тұрмағыр, патша үкіметі бізді “бұратана” деп біздің елдің денсаулығын еске де алмады. Қазақ елі азая ма, көбейе ме? Тұрмыс не жайда? Денсаулыққа әсері бар ма? Мұны үкімет есіне де алған жоқ. Кеңес үкіметі құрылды. Біз өз тізгінімізді өзіміз алдық, біз не бастасақ та, Кеңес үкіметі шылбыр алып көмбеге бізді тартпақ болады. Құдай қарғаған патша өкіметінің заманында біздің жерде, біздің елде бар ауру ұран айтып жиылып, ұя салып алған, денсаулыққа біз ат салғанда, Кеңес өкіметіне болыс, басқа да бола ма? Теңге қотыр, құрт, тағы да қотыр, ботасын байлаған інгендей біздің елден шықпайды. Сансыз жас бала бесікте өледі. Қазақ ауылындағы денсаулықты сақтауға не қыламыз? Кеңес өкіметінен көмек керке еді, болды: аурухана, дәрігер, кіндік шеше, акушер әйелдердің саны көбейді. Аурухана, дәрігер елмен ауыл үйге қонды. Ананы алып кел деген жерде аурухана да дәрігер де болды. Ауырсаң бар да емдел, дәрігерді ауылға шақыр. Ауруды аластауға мұның бәрі де аздық қылады. Елдің өз көмегі керек. Халықтың өзі ауруды аластаудың ісін білу керек. Сонда дәрігерге көмекші болады. Ауруды аластаудың әдісін аурудың неден болатын себебін және ол ауруды қырқа салуды білген ғана біледі. Қараңғылық пен надандықты қосарлап  ауру көш ат қылып мініп жүр, деп білім айтқалы көп заман болды.” [Қыр баласы, Өмірде ең қымбат не? Ол денсаулық!, Ә.Бөкейхан шығармалар жинағы, 13-том Астана 2016]. “Надан ауырса “құдайдан”, “жыннан” деп, жұқпалы аурудың жаласын да құдайға, жынға жабады. Жұқпалы аурудан сақтана білмейді. Ауру хат білмейтін, кітап оқымайтын, мәдениеті тезек терген елге үйір болады.”- деп жазса, келесі бір ойында бұлай деп жазады “Ауруға қарсы атқа мінгенде, алдымен қолға алатын іс елді ағарту. Ел ағарса, денсаулыққа бір табан жақын болады.  Надан, қараңғы ананың баласы көп аурады да көп өледі. Әйелді ағарту да денсаулыққа дем болады. Қараңғы ана баласын жақсы тәрбиелеп өсіре алмайды. Баланы бағуды біліп тәрбиелесе, балаға көп шығын шықпайды, шығынды білім азайтады. Қараңғылық әйелдің денсаулығының жауы. Денсаулыққа бір керек шырылдап туып, өмір түзіп, аяқпен шығатын адам ұясы — үйі. Біздің елдің қысқы үйін денсаулыққа жақсы дегеннің жаны шықсың.” [Қыр баласы, Өмірде ең қымбат не? Ол денсаулық!, Ә.Бөкейхан шығармалар жинағы, 13-том Астана 2016].         

      Денсаулықтың кепілі — тазалық мәселесіне де үлкен назар аударады. “Таза ауа, жарық сәуле аурудың жауы денсаулықтың досы. Үйді таза ауалатса, жарық сәулелесе, денсаулыққа бет ала көшкен болады. Денсаулықтың іргесі салынады. Үйді түзете келе талай отбасы аурудан құтыламыз. Үйдін екінші айыбы — кір қоқсық. Кір қоқсық атасы қырық ру. Далада, қорада жүріп етікпен тыс киіммен кірді, шаңды үйге алып кіреміз. Күндеп жетілеп қатын жаман болса айлап, жылдап үйде жатады. Кір қоқсық, жуынды сумен дымдалып, үйдегі жылумен сасиды, дем алатын ауаны ластайды, аурудың ұясын үйде жасайды. Бактерия, микроб қаптайды да осылар ауруды егеді. Үйді тазартып, үйден малды шығар үй сонда ғана денсаулыққа жайлы болады. Құрт — көксау, түрлі сүзек, шешек баланың талай ауруы нас үйді жамылып, бірінен біріне көшеді де жұғады. Мезгіл мезгіл төсек орынды, киімді тысқа шығарып, қағып, сілкіп күнге жайса, қыстын күні аязға жайып тастаса, жаудың күлі шашылып, қазаны бауырына құлап, күлдеруші ортасынан күйрейді. Жұқпалы ауру адасып, елде денсаулық орнайды. Тазалықтың іргесі су мен сабын. Біздің елде монша жоқ, моншада жуынуды ел әдет қылмай біздің елде бит жоғалмайды. Бит тұрғанда елден қайталама, теңбіл сүщек шықпайды. Алашты жайлаған осы екі сүзек. Сондықтан, қазақ, жатсаң да, тұрсаң да монша салып алуға іс қыл”- деп халықты денсаулықты сақтауға шақырады.

       Ана мен бала денсаулығын назардан тыс қалдырмайды. Елдің келешегі болашағы қазақ аналарының денсаулығы. Дені сау анадан дені дұрыс бала өмірге келеді. Яғни ана денсаулығына қазақ даласында әйелдер консультациясын ұйымдастыру, жаңа туған нәрестені күту туралы кеңес беретін пункттер ашу туралы мәселе көтереді. [Қыр баласы, “Әйел теңдігі” 1926 жыл, Ә.Бөкейхан шығармалар жинағы, 13-том Астана 2016].

       Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан шығармашылық жұмыстарында денсаулықты сақтау үшін, денсаулықтың қадірін білу үшін елдің мәдени деңгейін көтеру, ағарту мәселелеріне баса назар аударады. Ауру сырқаудан сау дене дұрыс рухтың жемісі болып табылады. Тәннің ләззаты — саулығында, жанның ләззаты — білімінде деп халықты ағартушылыққа насихаттайды.

Қарағанды Медицина Университеті

Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының

ассистент профессоры

Абдрахманова Камшат Жақсылыққызы

Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының

оқытушысы

Алипбекова Гүлайым Байжановна