Қ.Әбусейітовтың айтуынша, «әр ел үкіметтері мен лицензия беруші мекемелер, сот және құқық қорғау органдары арасында ақпарат алмасу арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ, ашықтық деңгейін арттырудың маңызы
зор». «Аймақ елдеріне атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақ түрлерінің заңсыз саудасына қатысты жан-жақты әрі үйлесімді ұстаным қажет»,- деді ҚР СІМ-нің бірінші орынбасары. Оның айтуынша, «осынау көп қырлы проблемалар аймақты дамытуға қатысы бар мәселелер топтамасымен де тығыз сабақтасып жатыр».
Сондай-ақ, Қ.Әбусейітовтың айтуынша, «атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақ түрлерінің заңсыз саудасымен күрес осындай қару түрлерін өндіру және жалғастыруға қатысты әкімшілік рәсімдер мен тиісті заңдарды қабылдауға, оларды есепке алу, таңбалау және қозғалыс-айналымын қадағалау іс-шараларын жетілдіруге бағытталады».
Конференцияға қатысушыларға жіберген өз жолдауында ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметовтың атап көрсеткеніндей, «дүниежүзінде қалыптасып отырған қазіргі ахуал әлемдік қауымдастықты адамзат тап келген қауіп-қатерлерге жауап бере білуі қажеттігін айғақтап отыр». Бұл ретте атыс қаруы мен жеңіл қару-жарақ түрлерінің заңсыз саудасы мен айналымы «жоғарыда аталған қауіптердің ішіндегі ең бір зұлматтысы» болып табылады.
Д.Ахметовтың пайымдауынша, «қазіргі ахуалдың күрделілігіне қарамастан, аймақтағы барлық мемлекеттердің аталмыш проблеманы өзара бірлескен күш-жігермен, үйлесімді қадамдармен ғана шешуге болатындығын дұрыс ұғына білуін оң бағыт деп бағалауға болады». «Бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеушілік бар екенін айта кету керек». Үкімет басшысы «қазіргі таңда Орталық Азия елдерінің құқық қорғау органдары арасында өзара жедел ақпарат алмасу, аталмыш қару түрлері мен оқ-дәрінің айналымын тиімді бақылау жөнінде бірлескен шаралар ұйымдастыру, оларды сатып алу көздерін айқындау және оны жоюға бағытталған ықпалдастық нығайғанын» атап өтті.