Алматыда төбелестен зардап шеккен бір жігіттің көзі көрмей қалуы мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда төбелестен зардап шеккен бір жігіттің көзі көрмей қалуы мүмкін

Алматыда төбелестен зардап шеккен бір жігіттің көзі көрмей қалуы мүмкін

Алматыда жастардың арасындағы төбелесте жапа шеккен бір жігіттің жағдайы ауыр. Дәрігерлер қатты соққы алған азаматтың бір көзі көрмей қалуы мүмкін деп отыр. Алдағы күндері оған ота жасалады.

  • 4 Мамыр 2023
  • 38
Фото - Caravan.kz

Өткен аптада болған жанжалда оңбай таяқ жеген тағы екі азаматтың миы шайқалған деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.

Жәбірленуші тараптың туыстары баласын тепкінің астына алған күдіктілер тиісті жазасын алсын деп отыр. Полиция осы оқиғадан кейін күдіктілер қамауға алынғанын жеткізді. Бірақ нақты қанша адамның абақтыға жабылғаны әзірге белгісіз.

Тимурдың баласы – өткен аптада түн ортасында болған төбелесте оңбай таяқ жегендердің бірі. Жанжал кезінде жапа шеккен жігіттің әкесі ауыр соққыдан ұлымның бір көзіне қатты зақым келген дейді. Ауруханада жатқан жігіттің көз жанарынан айырылып қалу қаупі бар екенін дәрігерлер туыстарына бірден ескертіпті.

"Балама үшінші дәрежелі көз контузиясы, көздің торлы қабықшасының жарылуы деген диагноз қойылды. Мұндай ауыр диагнозбен адам бірден көрмей қалады. Медицина мамандары осы жарақатты емдеу өте қиын екенін айтты. Соған қарамастан, біз күресіп жатырмыз. Алдағы күндері ұлымның көзіне ота жасалады", — дейді зардап шеккен баланың әкесі Тимур.

27 сәуірде түнде Розыбакиев пен Есқараев көшелерінің қиылысында болған жағдай әлеуметтік желіге таралған болатын. Видеодан бес ер азамат үш адамға кезек-кезек жұдырық жұмсап, тепкінің астына алып жатқанын анық байқауға болады. Жәбірленуші тараптың жақындарының айтуынша, кинотеатрдан шыққан үш жігіт көшеде бойжеткенді аяусыз ұрып жатқан азаматты көріп араша түседі. Бірақ "араласпаңдар" деген ол ашуға мініп, достарын шақыртқан көрінеді. Әрі қарай текетірес қып-қызыл төбелеске ұласқан.

"Менің інім сол түні екі досымен бірге кинотеатрдан үйге қайтып келе жатқан. Олар белгісіз адамның қызға қол көтергенін көріп араша түседі. Бірақ ашуға мінген жігіт оған көнбей, таныстарын телефон арқылы шақырады. Оның достары полициядан бұрын келіп, ешкіммен сөйлеспей, бірден шабуылға көшеді. Менің інім мен жанындағы екі досын соққының астына алған"
, — дейді зардап шеккен баланың әпкесі Кристина Ким.

Полиция аталмыш оқиғадан кейін бұзақылық бабымен іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді.

"ҚК 293-бабы, 2-тармағы бойынша сот алды біріңғай тізімен тіркеліп, Бостандық ауданының полиция қызметкерлері ресми тергеу жүргізіп жатыр. Бұл іске қатысқан барлық тұлға «Боран 147» экипажымен ұсталып, тергеліп жатыр", — дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Тәртіп сақшылары төбелеске қатысқандар қамауға алынғанын мәлімдеді. Бірақ нақты қанша адамның қолына кісен салынғаны әзірге белгісіз. Жәбірленуші тарап тергеу әділ жүргізіліп, кінәлілер тиісті жазасын алу үшін барымызды саламыз деп отыр.