Бүгінде әскерде тәуелсіздіктің тұғырлы, қорғаныстың қуатты болуы үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Оның ішінде Жоғарғы бас қолбасшының әскерлердің заманауи қауіп-қатерлерге дайындығы, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі тапсырмалары қалай орындалып жатқаны жайында Caravan.kz медиа порталының осы материалынан біле аласыздар.
Құрылымдық қайта жасақтау
Қарулы күштердің құрылымын жетілдіру, олардың жауынгерлік әлеуетін арттыру бойынша соңғы екі жылда бірқатар жұмыстар қолға алынды. Мәселен, Президенттің тапсырмасы бойынша дағдарыстық жағдайларды пайда болу сатысында оқшаулау үшін нақты әрекет ететін арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы құрылды. Одан бөлек, десанттық-шабуылдау әскерлерінің жауынгерлік мүмкіндіктері жыл сайын артып келеді. Оған дәлел, тек биылғы жылы қарулы күштердің қазықты құрылымы дербес әскер тегіне айналды. Сонымен бірге қорғаныс министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, бүгінде қарулы күштердің элитасы – десанттық-шабуылдау әскерлері жоғарғы бас қолбасшының резерві саналады. Сол сияқты қазақ әскерінде қазіргі таңда ұшқышсыз ұшу аппараттарын әскери мақсатта қолдану әдісі қолға алынған. Осыған орай, құзырлы ведомство перспективалық бағытты дамыту мақсатында қарулы күштердің бас штабында ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту департаментін құрған.
Үйлестіру мен үйлесімділікке басты назар
Жедел даярлау іс-шараларына шекара қызметінің, Ұлттық ұланның және ТЖМ құтқару компоненттерінің, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің күштері мен құралдары тартылуда. Осылайша, қорғаныс министрлігінің дерегінше, 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығында «Батыл тойтарыс» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының бірінші кезеңі өткен.
Сол сияқты «Батыл тойтарыс» оқу-жаттығуы аясында «Бекет-2023» кешенді оқу-жаттығуы және «Көкжал-2023» зерттеу оқу-жаттығуы өткізілді. Оған барлығы 4 мыңнан астам адам, 90 қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылған. «Бекет» оқу-жаттығуында түрлі типтегі бірлескен міндеттерді орындау бойынша күштік құрылымдар мен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылдарын үйлестіру мәселелері қаралған.
Оқу-жаттығу екі кезеңде өткізілді. Онда төтенше және әскери жағдай режимдерін енгізе отырып, жедел штабтардың, облыстың қорғаныс кеңесінің қызметін ұйымдастыру бойынша оқу мәселелері пысықталды.
Оқу-жаттығудың шешуші кезеңінде «Көктал» оқу полигонында десанттық-шабуылдау әскерлері Ұлттық ұлан, ҰҚК шекара қызметі және ТЖМ бөлімшелерімен бірге заңсыз қарулы құралымдардың көзін жою, сұрыптау пунктін өрістету және босқындарды орналастыру бойынша бірлескен іс-қимылдар өткен.
Дағдарыс жағдайында басқарушылық шешімдер қабылдаудың жауаптылығы мен жеделдігіне әсер ететін негізгі проблемалық мәселелер анықталды. Оқу-жаттығу бірлескен міндеттерді орындау кезінде тартылатын штабтар мен әскерлердің, облыстың қорғаныс кеңесінің және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің іс-қимылдарын үйлестіруге бағытталды.
Әкімдіктің және орталық мемлекеттік органдар аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары түрлі дағдарыстық жағдайларды оқшаулау және әскери жағдайдың құқықтық режимін енгізу кезіндегі іс-шараларды ұйымдастыруда тәжірибе алды.
Одан бөлек қорғаныс министрлігі биылғы жылы «Мәтібұлақ» оқу полигонындағы «Көкжал-2023» зерттеу оқу-жаттығуында батальондық тактикалық топтың жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудегі жаңа нысандары мен тәсілдері, сондай-ақ ұтқырлық қағидатын қолдануын ескере отырып, шағын бөлімшелердің дербес жағдайдағы іс-қимыл тактикаларын қолданған.
Осылайша, оқу-жаттығу аясында таулы жерлерде батальондық тактикалық іс-қимыл тобын дайындау және жүргізу мәселелері пысықталды. Оқу-жаттығуларға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің бөлімшелері, әуе қорғанысы күштерінің армиялық авиация экипаждары жұмылдырылған.
Қазақ армиясында тың реформалар жүргізіп жатқандымен саясаттанушы, тәуелсіз сарапшы Аман Мәмбетәлі де келіседі. Айтуынша, Қазақстан әскері заман талабына сай жабдықталып, жаңғыртылуы керек.
«Қазақстан әскерінің жағдайына келер болсақ, жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Бірақ жаман деп те айтуға келмейді. Оған себеп, біріншіден КСРО заманынан келе жатқан әскери методология, ол идеологиялық жағынан да, кімнің жау, кімнің дос екенін білу жағынан да, сол КСРО заманынан қалды. Сонымен бірге оған идентификация мәселесі де жатады, яғни, әскердің ішкі, психологиялық тұсы. Мәселен қазақ әскері өзін кім деп ойлайды? Сосын екінші мәселе әскердің әскери-техникалық жабдықталуы – бұл бағытта үлкен, қиын процесс жүріп жатыр. Неге қиын? Себебі бұған дейін әскери салаға жеткілікті деңгейде көңіл бөлініп, қарастырылған жоқ. Неге көңіл бөлінбеді деген сұраққа келер болсақ, оған геосаяси жағдай, Қазақстанның әлемдегі ең бірінші мемлекет ретінде ядролық қарудан бас тартуы, ұзақ уақыт бойы өзімізді бейбіт мемлекет ретінде көрсетуіміз және т.б. мәселелерді жатқызуға болады. Яғни әскери салаға «қалдық» принциппен қарап келдік. Бірақ соған қарамастан Қазақстан әскері дамыған, өйткені біз НАТО, ҰҚШҰ жұмыс жасап, аз да болса оқу-жаттығу жұмыстарын жыл сайын жүргізіп тұрдық. Соңғы кезде Карабах, Украина, қырғыз-тәжік шекарасындағы соғыс, ауған билігіне тәліптердің келуі Қазақстан әскері мен қорғаныс министрлігіне осы салада жүргізіліп отырған саясатты қайта қарауға мәжбүрледі. Ең алдымен қаражат бөліне бастады, екіншіден дайындыққа баса мән беріліп, жаңа стандарттар бекітілді. Сондықтан бізде қазір Түркиямен келісімшартқа отырып, жаңа кластағы дрондарды өндіру жұмысы қолға алынып отыр. Бұған қоса әскери доктрина өзгертілді. Әскери қызметкерлердің жағдайын көтеру мәселесіне де көңіл бөлініп жатыр. Бұл әрине ұзақ процесс",- деді тәуелсіз сарапшы Аман Мәмбетәлі.
Сондай-ақ саясаттанушы әскери ардагерлер де жас жауынгерлердің тәрбиесіне араласауы қажет дегенді меңзеді.Жалпы идеология деген тек қана мемлекеттің жұмысы емес қой, әр азаматтың парызы, дейді.
"Бізге жалпы мобильді, заманауи әскер дайындау керек. Сол сияқты біз қазір қару-жарақты нығайту жағын қолға алып отырмыз. Қателеспесем, бізде оқу-жаттығулар саны көбейген, әсіресе ұшқыштарда. Сосын бізде құрылымдық күштер, әуе, теңіз жаяу әскері және т.б. арасында коммуникация құру мәселесі мықтап қолға алына бастады. Мысалы бұрындары әскерилер тек бұйрық бойынша жұмыс жасаса, қазір офицерлерден құралған мобильдік топқа жауапкершілік беріп, олар өз бетінше шешім қабылдай алады. Ал, әскерилердің мәртебесін көтеру мәселесіне келер болсақ, АҚШ немесе Батыс елдерін алсаңыз да, оларда ардагерлер ұйымы өте көп және оларға көп жеңілдіктер қарастырылған және олар қоғамдық ұйым ретінде жақсы жұмыс жасайды. Бізде өкінішке орай, ондай жоқ, дамымаған. Қазіргі зейнетке шыққан әскерилердің негізі мақсаты сол болуы керек еді, яғни олар зейнетке шыққан соң білгенімен бөлісіп, жастарды тәрбиелеуі тиіс. Бізде бұл мәселе тоқтап тұр. Меніңше бұл қате, себебі қоғамда оған деген сұраныс бар. Жалпы идеология деген тек қана мемлекеттің жұмысы емес қой, әр азаматтың парызы», — дейді саясаттанушы, тәуелсіз сарапшы Аман Мәмбетәлі.
Елімізде әскери қызметтің беделін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
Ел Президентінің жастардың әскери қызметке деген ынтасын арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында қорғаныс министрлігі бірқатар шаралар қабылдады. Білім алғысы келетін жастарға әскери борышын өткерген соң жоғары оқу орындарына түсу жеңілдігін беру өткен жылдың басты жаңалығы болды.
Бүгінде бұл бастаманы еліміздегі жетпістен астам жоғары оқу орны қолдап отыр.
Қорғаныс ведомствосының жобасына қосылған жоғары оқу орындарының арасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, Логистика және көлік академиясы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Торайғыров университеті, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті және т.б. бар.
Енді биылдан бастап сарбаздарға екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ, әңгімелесу нәтижесі бойынша ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі беріліп отыр.
Ол үшін азаматтар «Е-gov» немесе ХҚКО-дан алынған мерзімді әскери қызметті өткергені туралы анықтаманы басқа құжаттармен бірге өзі таңдаған жоғары оқу орнына ұсынуы қажет. Сондай-ақ, мамандықтар мен жоғары оқу орындарына да шектеу болмайды.
Бұдан өзге әскерде жақсы нәтижесімен ерекшеленген жауынгерлерге жоғары оқу орындарының гранты есебінен тегін білім алуға басымдық беріліп отыр. Осыған сәйкес олар бакалавриат пен магистратурада тегін оқиды. Сондай-ақ емтихансыз және ҰБТ нәтижесінсіз қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдана алады. Бұл жерде сарбаздың жеке қасиеттері, үлгілі тәртібі мен жауынгерлік даярлықта қол жеткізген жетістіктері қатаң ескеріледі. Сондай-ақ, әскери қызметшілердің Отан алдындағы борышын өтеген балаларына да басымдық берілетінін атап өткен жөн.
Бұл екі категорияға кіретін болашақ студенттер жоғары оқу орындарының жанындағы әскери кафедраларға да емтихансыз қабылданып, тегін оқуға құқылы.
Одан бөлек қорғаныс министрлігі мен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мерзімді қызметтің сарбаздарына «несиелік демалыс» беру туралы меморандум бекіткен. Осыған сәйкес қазірдің өзінде мерзімді қызметтің 3 мыңнан астам әскери қызметшісіне қарыздары бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылып отыр. Қорғаныс ведомствосының бұл бастамасы мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге әскери қызмет өткеру кезеңінде өз несиелерін «кейінге қалдыруға» мүмкіндік береді. Бұл оларға барлық банктермен және микроқаржы ұйымдарымен сарбаздардың барлық ақшалай қарыздарын тоқтата тұруға жол ашады. Құжат барлық банктер мен микроқаржы ұйымдарында кредиттер, ақшалай қарыздар бойынша төлемдерді мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңіне тоқтата тұрады. Қолданыстағы алгоритм бойынша шақыру науқаны барысында болашақ Отан қорғаушылардың банктік қарыздары мен микрокредиттері туралы мәліметтер ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жіберіледі.
Осы деректердің негізінде кредиторлар негізгі борыш, сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және берешекті өндіріп алудың барлық нысандарын тоқтата тұру мәселелерін пысықтайды. Төлемдерді кейінге қалдыру кезеңінде несие беруші сот ісін жүргізуді, берешекті өндіріп алу бойынша нотариусқа жүгінуді, тұрғын үйді сатуды, қарыз алушының отбасын үйден шығаруды толық тоқтатады. Өткен сот актілері бойынша берешекті өндіріп алудың барлық нысандары да тоқтатылады.
Мұның бәрі әскери қызметтің имиджін арттыру мен жастардың әскери борышын өткеруге ынталандырудан туған қадам екенін атап өткен жөн.