Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасы түзетуді талап етеді - мемлекет басшысы - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
0 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасы түзетуді талап етеді - мемлекет басшысы

Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасы түзетуді талап етеді - мемлекет басшысы

Кеше, 31-тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен ҚР Қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысы болды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ҚР президентінің баспасөз қызметінен хабарлады.

  • 1 Қыркүйек 2004
  • 728
Фото - Caravan.kz

Отырыста Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасын жетілдіру мәселесі қаралды. Дүниежүзіндегі және аймақтағы геосаяси ахуалдың өзгеруі, жаңаша ғаламдық ағымдардың пайда болып дамуы 2001-жылы қабылданған елдің сыртқы саясатының тұжырымдамасын түзетуді талап етіп отырғаны айтылды. Әсіресе, Қазақстанның барған сайын арта түскен саяси және экономикалық әлеуеті бұдан да белсендірек сыртқы саясат жүргізуге мүмкіндік береді.

Баспасөз қызметіндегілердің хабарлауынша, Елбасы тиісті мемлекеттік мекемелерге сыртқы экономикалық іс-қызметті пәрмендендіруге, Қазақстанның халықаралық ұйымдарға қатысу деңгейін арттыруға, сыртқы экономикалық байланыстарды нығайтуға және қазақстан бизнесінің әлемдік рыноктағы аясын кеңейтуге бағытталған кешенді бағдарлама жобасын жасауға тапсырма берді.
Сондай-ақ, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің отырысында діни бірлестіктердің іс-қызметін реттеуге және діни экстремизмнің таралуына жол бермеуге байланысты мәселелер талқыланды. Бұл мәселеге тоқталған Н.Назарбаев экстремизмнің негізінен шетелдерден еніп келу және таралу қаупі бар екенін, оны белгілі бір күштер өздерінің саяси және экономикалық мүддесі үшін қолшоқпар етіп пайдаланатынын атап өтті. «Сол себепті лаңкестікпен күрестің маңызды бағыттарының бірі — халық арасында экстремистік идеяның таралуына жол бермеу болмақ»,- деді мемлекет басшысы.
Талқылау барысында ортаға салынған пікірлерді ескеру негізінде мемлекеттік мекемелерге ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды күшейте отырып, өз жұмысына тиісті өзгерістер енгізу жөнінде тапсырма жүктелді.

Перейти к новостям спорта